Ақтауда жаңа теңіз порты салынады
Ақтауда Мемлекет басшысының Маңғыстау облысы көлік инфрақұрылымын дамыту және транзиттік әлеуетті нығайту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде тағы бір теңіз портын салу жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.
Әкімнің мәліметінше, инвестициялық жобаның құны $300 млн құрайды, ал стратегиялық серіктес-қытайлық «Чжонъюн Интернешнл» компаниялар тобы болып табылады. Қазіргі уақытта инвестор инвестициялық келісімге қол қою үшін құжаттарды дайындауда.
«Жоба Қытай-Қазақстан-Ақтау-Баку-Поти-Еуропа жаңа халықаралық көлік дәлізін қалыптастыруға ықпал ететін болады. Оны іске асыру жүктерді жеткізу мерзімін 7-15 күнге қысқартуға, көлік шығындарын 18-25% төмендетуге, сондай — ақ жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Нұрдәулет Қилыбай.
Өз кезегінде сауда және интеграция министрі Арман Шаккалиев Каспий торабын дамыту аясында екі жоба іске асырылып жатқанын айтты: Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб және Құрық портында «Саржа» көпфункционалды теңіз терминалын салу.
Контейнерлерді ауыстырып тиеу жөніндегі хабтың жобалық қуаты 240 мың ЖФЭ құрайды. «Ляньюньган порты» компаниясымен 47,6 млрд теңге көлемінде инвестициялар тарту туралы келісімге қол қойылды. Ағымдағы жылдың шілде айында контейнерлік хабтың алғашқы іске қосу кешені іске қосылды. Екінші кешеннің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
«Саржа» теңіз терминалы Semurg Invest компаниясының 98 млрд теңге көлеміндегі жеке инвестициялары есебінен салынуда. Бас жүк терминалы мен уақытша сақтау орны пайдалануға берілді, жүк тиеу жұмыстары жүргізілуде. Астық, әмбебап жүк, құю, химиялық терминалдар мен көлік-логистикалық орталықтың құрылысы жалғасуда.