11:55 Қазақстан

Ақмола облысында егіс науқаны аяқталды

Ақмола облысы солтүстік өңірлер арасында бірінші болып егіс науқанын аяқтады. Өңірдегі жалпы егіс алқабы ағымдағы жылы 77 мың гектарға ұлғайып, 5,6 млн гектарға жетті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, егіс құрылымын әртараптандыруға ерекше назар аударылған. Майлы дақылдар алаңы соңғы үш жылда алты есеге ұлғайып, 715 мың гектардан асты. Жемшөп дақылдары 166,5 мың гектар алқапқа егілді, тағы 10 мың гектар картоп пен көкөністерге бөлінді.

«Егіс науқанының сәтті өтуіне материалдық-техникалық базаның жүз пайыз дайындығы ықпал етті. Ауыл шаруашылығы өндірушілері тұқым материалымен және жеңілдікті дизель отынымен толық қамтамасыз етілді. Топырақтың құнарлылығын арттыру үшін аграршылар 330 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізді. Сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдары өсімдіктерді қорғау құралдарымен толық көлемде қамтамасыз етілген», – деп атап өтті басқарма басшысы Нұрбек Бадырақов

Аграршыларды қолдауға жеңілдетілген несиелеу және субсидиялау түрінде 235 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Оның ішінде «Кең Дала - 2» бағдарламасы бойынша 122 млрд теңгеге 840 ауыл шаруашылығы өндірушілері қаржыландырылды.

Сондай-ақ, өңірде өңірдің машина-трактор паркін жаңарту жалғасуда. Жыл басынан бері аграршылар 789 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Отандық өндірістің ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі бағдарламасы шеңберінде ҚазАгроҚаржы арқылы 610 бірлік техника сатып алуға шарттар жасалды.

Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне Азық-түлік корпорациясы арқылы форвардтық сатып алу тетігі қосымша қолдау көрсетеді. Ағымдағы жылы Ақмола облысының 38 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен 4,2 млрд теңге сомасына шарттар жасалды. Бүгінгі таңда 3,3 млрд теңге сомасына 55 өтінім қаржыландырылды, бұл 59 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімін жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың күзінде Ақмола облысының аграршылары 7,6 млн тонна астық жинады, бұл соңғы 13 жылдағы ең үздік көрсеткіш болды.