08:05 Қазақстан

ЕАДБ Азық-түлік корпорациясына 100 млн доллар несие желісін ашады

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) мен Азық-түлік корпорациясы 100 млн доллар сомасына кредиттік шартқа қол қойды. Қаражат ұлттық астық операторының жобаларын іске асыруға бағытталатын болады, сондай-ақ фермерлерді қаржыландыру, басым ауыл шаруашылығы дақылдарын өндіруді ынталандыру, ішкі нарықта өсімдік шаруашылығы өнімдерінің тұрақты ұсынысын қалыптастыру үшін пайдаланылуы мүмкін. Бұл туралы ЕАДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Азық-түлік корпорациясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ильдар Исмагулов атап өткендей, тартылатын қаржыландыру аграрлық секторды қолдау жөніндегі ұлттық оператордың мүмкіндіктерін кеңейтеді.

«Біз ЕАДБ-ға стратегиялық әріптестік үшін алғыс айтамыз. Қаржыландыруды ұсыну туралы шешім Азық-түлік корпорациясының Қазақстанның ғана емес, өңірдің де азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік институт ретіндегі сенімін айғақтайды», — деді Ильдар Исмагулов.

Өз кезегінде ЕАДБ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Даленов келісім Азық-түлік корпорациясымен ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жалғасы болғанын атап өтті.

«ЕАДБ үшін мүше елдердің экономикаларының тұрақты дамуын, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешенді қолдау арқылы ілгерілету маңызды», — деп атап өтті ол.

Еуразиялық Даму Банкі (ЕАДБ) — еуразиялық кеңістікте инвестициялық қызметті жүзеге асыратын көпжақты даму банкі. 2025 жылдың желтоқсан айының соңына қарай ЕАДБ жинақталған қоржынында жалпы инвестиция көлемі 19,6 млрд доллар болатын 326 жоба бар. ЕАДБ қоржынында негізгі үлесті көлік инфрақұрылымы, цифрлық жүйелер, жасыл энергетика, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және машина жасау салаларындағы интеграциялық әсері бар жобалар алады. Банк өз қызметінде БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын және ESG қағидаттарын басшылыққа алады.

Азық-түлік корпорациясы – мемлекеттің қатысуымен 100% Қазақстанның астық нарығы бойынша ұлттық оператор. Азық-түлік корпорациясы астық нарығында тұрақтандыру қызметін және астықтың резервтік қорын және жем қорын басқару жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыру арқылы республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.