Қазақстанда балық өсіру көлемі 2,5 есеге артады
Қазақстанда 2028 жылға дейін балық шаруашылығы саласында 41 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл балық өсіру көлемін 2,5 есеге арттыруға, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын құруға және жан басына шаққандағы балықты тұтынуды екі еседен астам - 4-тен 9 кг-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді.
ОКҚ деректері бойынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 23 мың тонна балық өсірілді. Балық өнімдері нарығының көлемі 106,5 мың тоннаға жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 13%-ға артық. Аулау көлемі 49,6 мың тоннаны, экспорт - 21 мың тоннаны, импорт - 55 мың тоннаны құрады. Өткен жылы жан басына шаққандағы балықтың орташа жылдық тұтынуы 4-тен 7 кг-ға дейін өсті, бірақ әзірге 11 кг ұсынылған нормадан төмен болып қала береді.
Серік Сермағамбетовтың айтуынша, ірі жобалар Алматы, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Маңғыстау облыстарында жүзеге асырылады.
«Ағымдағы жылы әкімдіктермен бірлесіп құны шамамен 20 млрд теңге болатын 14 әлеуетті жоба айқындалды. Бүгінгі таңда балық шаруашылығының 10 субъектісі 8,7 млрд теңгеге несие қаражатын алды», – деді Серік Сермағамбетов.
Комитет басшысы 2021-2025 жылдары салада жалпы құны 24 млрд теңгені құрайтын балық өсіру және қайта өңдеу бойынша 95 жоба іске асырылғанын хабарлады. Олардың жиынтық жобалық қуаты жылына 22 мың тоннадан асады.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жалпы қуаттылығы жылына 126 мың тонна болатын 73 кәсіпорын балық өңдеумен айналысады. Оның 20-сы балық өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне экспорттауға құқылы. Қазақстан Германия, Латвия, Литва, Нидерланды, Ресей және Қытайды қоса алғанда, әлемнің 21 еліне балықтың 50 түрін экспорттайды.
Серік Сермағамбетов балық өңдеу көлемін ұлғайту үшін ҚҚС-ты 70%-ға төмендету, айналым қаражатын толықтыруға және инвестициялық шығындарды субсидиялауға қайта өңдеушілерді 5%-ға жеңілдікпен несиелеу көзделгенін еске салды.
Сондай-ақ, 2024 жылдан бастап балық шаруашылығы субъектілерін кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету үшін 2,5% жеңілдікті мөлшерлемемен балық өсіру және қайта өңдеу жөніндегі жобаларға бюджеттік несие беру көзделген.