Қазақстандағы балық шаруашылығы саласындағы жобаларға 60 млрд теңге бөлінеді
Қазақстанда балық шаруашылығы саласында 2026-2030 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 60 млрд теңгені құрайтын 41 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылды. Оларды іске асыру балық өсіру көлемін 14 мың тоннаға дейін, қайта өңдеу көлемін – 10 мың тоннаға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ қуаттылығы жылына 30 мың тоннаға дейін жем өндіруді жолға қоюға мүмкіндік береді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі балық саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңестің қорытындысы бойынша хабарлады.
Үкімет 2024 жылдан бастап балықты өсіру және қайта өңдеу жөніндегі жобаларға жылдық 2,5% мөлшерлемемен жеңілдікпен несие беру тетігі жұмыс істейтінін еске салды. Бүгінгі таңда 10 балық шаруашылығы субъектісі 5,7 млрд теңге сомасына қаржы алды. Бұдан басқа, саланы қолдау үшін жылдық 5% мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға несиелер, 6% инвестициялық қарыздар беріледі, сондай-ақ балық өсіру үшін жер учаскелерін беру жүзеге асырылады.
Кеңесте саланы цифрландыруға және заңсыз балық аулауға қарсы күреске ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігі QR кодтары арқылы балық аулау торлары мен басқа да балық аулау құралдарын сандық сәйкестендіру жүйесін енгізуді ұсынды.
«2025 жылы өнеркәсіптік пайдалануға мемлекеттік дерекқорлармен интеграцияланған және заңсыз балық өнімдерінің айналымын тежеуге бағытталған E-fish ақпараттық жүйесі енгізілді. Жүйеде салаға қатысушылардың 100% – 1210 балық шаруашылығы және аквамәдениет субъектілері тіркелген. Бұл балық өнімдерінің көлеңкелі айналымын 2 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік берді. Цифрландырудың келесі кезеңі балық аулау торларын қадағалау жүйесін енгізу болады. Торларды кейіннен бірыңғай электрондық тізілімге енгізе отырып, балық аулау құралының иесі мен сипаттамалары туралы мәліметтерді қамтитын QR-кодтары бар арнайы биркалармен жарақтандыру ұсынылады», - деп түсіндірді үкіметте.
Сондай-ақ, кеңесте AY Capital өкілдері Қазақстан аумағында балық аулау жабдықтарын өндіру жобасын таныстырды.