Алматы облысында форель мен бекіре өсіретін шаруашылық іске қосылды
Алматы облысының Жамбыл ауданында құны 450 млн теңге болатын Kargaly Fish балық шаруашылығы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 200 тоннаға дейін форель мен бекіре тұқымдас балық өсіру жоспарлануда. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорында сумен жабдықтаудың жабық жүйесі орнатылған. Көп сатылы сүзу, озондау және ультракүлгін сәулемен дезинфекциялау енгізілді. Бұл аурулардың алдын алуға және экологиялық таза және сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Судың сапасы, оттегі деңгейі, температуралық режимі және санитарлық жағдайы үнемі бақылауда.
«Қазіргі уақытта облыста тауарлық балық шаруашылығымен 53 шаруашылық айналысады. Олардың жалпы өндірістік қуаты 11 мың тоннаны құрайды. Бұл саланың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын артып келеді», - деп атап өтті кешеннің ашылу салтанатында өңір әкімінің орынбасары Бақытұлы Бақытнұр.
Ол 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап балық шаруашылығы саласында аквамәдениетті дамыту үшін арнайы субсидияларды көздейтін мемлекеттік қолдаудың жаңа тетіктері енгізілгенін еске салды. Өткен жылы жергілікті бюджеттен саланы дамытуға 380 млн теңге бөлінді, қаражат толығымен игерілді. Ағымдағы жылы 315 млн теңге қарастырылған.