09:30 Қазақстан

Иран Қазақстанға фермерлерге арналған озық технологияларын әкеледі

Өткен жылы KazAgroFarm көрмесіне сәтті қатысқаннан кейін Иран биыл қатысуын айтарлықтай кеңейтеді. Биыл Иран экспозициясына 19 компания қатысады. Бұл туралы көрмені ұйымдастырушы ExpoGrou Халықаралық көрме компаниясы хабарлады.

Өткен жылы Иран компанияларының стендіне Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісінің орынбасары жоғары лауазымды делегациямен бірге келді. Елші орынбасары көрменің ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.

«Ирандық компаниялардың мұндай ірі тобы алғаш рет Қазақстандағы халықаралық көрмеге бір құрамда қатысты. Елшілік бұл компаниялардың экспортын дамытуға және жеңілдетуге жәрдемдесуге дайын», – делінген Иран тарапының KazAgroFarm көрмесіне қатысу қорытындысы бойынша есебінде.

Биыл қатысушылардың құрамы компаниялар саны жағынан ғана емес, бағыттар бойынша да кеңейді. Ирандық компаниялар агробизнестің түрлі сегменттеріне арналған шешімдерін ұсынады. Олардың қатарында тұқымдар мен селекциялық әзірлемелер, тыңайтқыштар мен фосфат өнімдері, жемшөп қоспалары, ветеринариялық вакциналар, ауыл шаруашылығы техникасы, жылыжай жабдықтары, шаруашылықтарды басқарудың цифрлық жүйелері және спутниктік технологиялар бар

«Бүгінде KazAgroFarm-ды Орталық Азиядағы әлемдік агробизнестің басты алаңы деп атауға болады. Бізде халықаралық қатысушылардың ең алуан құрамдарының бірі қалыптасқан. Қатысушылар үшін бұл – жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі, ал келушілер үшін – бизнеске арналған озық шешімдерді табуға мүмкіндік», – деп атап өтті көрмені ұйымдастырушы Шолпан Қожабаева.

KazAgroFarm-2026-да ең ауқымды халықаралық аграрлық экспозициялардың бірі ұсынылады. Оған 25-тен астам елден жүздеген компания қатысады. Көрме 2026 жылғы 21–23 қазан аралығында Астанадағы EXPO Халықаралық көрме орталығында өтеді.