Астанада рекордтық сандағы неміс компаниялары ауыл шаруашылығы технологияларын ұсынады
Астанада өтетін KazAgroFarm-2026 халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесіне 30-ға жуық неміс компаниясы қатысады. Неміс бизнесінің мұндай ауқымды қатысуы көрме тарихындағы ең ірі көрсеткіш болмақ. Бұл туралы көрмені ұйымдастырушы ExpoGroup Халықаралық көрме компаниясы хабарлады.
Неміс экспозициясы агроөнеркәсіптік кешеннің кең ауқымды бағыттарын қамтиды: мал шаруашылығы, азықтандыру және асыл тұқымды генетика, ауылшаруашылық машина жасау, цифрлық технологиялар, логистика, оқыту және қызмет көрсету шешімдері.
«Неміс компаниялары KazAgroFarm көрмесіне жоба басталғаннан бері қатысып келеді және көрме алаңының іскерлік байланыстарды дамыту үшін қаншалықты тиімді болатынын алғашқылардың бірі болып түсінді. Олар бұл мүмкіндіктерді белсенді пайдаланып келеді, біз мұндай қатысудың нәтижесін көріп отырмыз. Биыл да неміс бизнесінің ауқымды қатысуы Қазақстан фермерлеріне іс жүзінде пайда әкеледі деп үміттенеміз», – деді көрмені ұйымдастырушы Шолпан Қожабаева (суретте).
Германия павильоны Германияның Федералдық ауыл шаруашылығы, азық-түлік және өңірлік бірегейлік министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Неміс бизнесінің кең ауқымда қатысуы компаниялардың Қазақстанмен технологиялық және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылығын көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, KazAgroFarm-2026 21-23 қазанда Астанадағы EXPO ХҚО-да өтеді. Көрмеге 25-тен астам елден 300-ден астам компания қатысады. Үш күн ішінде қатысушылар өз әзірлемелерін ұсынады, іскерлік кездесулер өткізеді және ынтымақтастық келешектерін талқылайды.