KazAgroFarm көрмесінде ЕвроХим жаңа тыңайтқышын таныстырды
ЕвроХим-Қазақстан Агроорталығы Астанада өтетін KazAgroFarm күзгі көрмесінің дәстүрлі қатысушысы. Биыл компания стендінде күкірт қосылған Croplex NPS 12-40+10S азот-фосфор тыңайтқышының жаңа түрі таныстырылды. Бұл туралы ElDala.kz порталына компанияның сату бөлімінің басшысы Руслан Рахымбаев айтып берді.
«Биылдан бастап ЕвроХим Қазақстан нарығына құрамында 12% азот, 40% фосфор және 10% күкірт бар Croplex атты жаңа өнімді жеткізе бастады. Сондай-ақ калий хлоридін жеткізуді қолға алдық. Әрине, фермерлеріміз көп жылдан бері біліп, қолданып келе жатқан тыңайтқыштардың кең түрін де ұсынамыз», – деді Руслан Рахымбаев.
Croplex NPS 12-40+10S тыңайтқышын күзде және ерте көктемде топыраққа енгізуге болады. ЕвроХим мәліметінше, бұл тыңайтқыш күкіртпен қоректендірудің ұзақ мерзімді әсерін қамтамасыз етеді: суда еритін сульфатты күкірт тыңайтқыш енгізілгеннен кейін бірден өсімдікке қолжетімді болады, ал элементтік күкірт вегетацияның екінші жартысында пайдаланылатын қор қалыптастырады.
ЕвроХим-Қазақстан агроорталығы KazAgroFarm көрмесіне жыл сайын қатысады. Компания өкілдері бұл алаңның аграршылармен кездесуге және өз өнімдерін таныстыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Көрме өте нәтижелі өтіп жатыр. Мұнда көптеген тұрақты клиенттерімізбен кездесіп, жаңа серіктестер таптық. Фермерлер минералды тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қоректендіру жүйелеріне үлкен қызығушылық танытуда. Әсіресе климаттық жағдайлар өзгеріп, дақылдарды әртараптандыру жүріп жатқан қазіргі кезеңде бұл мәселелердің маңызы артып отыр. Осыған байланысты біз де қазақстандық фермерлерге ұсынуға дайын өнімдер портфелін кеңейтіп келеміз», – деп атап өтті Руслан Рахымбаев.