Таразда балмұздақ жасайтын жаңа өндірісі іске қосылады
Тараз қаласында «Империя» ЖК балмұздақ өндіру цехының құрылысын салып, аяқтауға жақын қалды. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аталған цехта болып, технологиялық желімен танысты, деп хабарлады өңір басшысының баспасөз қызметі.
Жобаның құны 800 млн теңгені құрайды. Өндіріс қуаттылығы – күніне 8 тонна. Цехта балмұздақтың 30 түрін шығару жоспарлануда.
Компанияда балмұздақты үздіксіз шығару жолға қойылмақ. Сүтті жақын маңдағы фермерлерден алу жоспарлануда. Қазіргі таңда «Империя» ЖК шұжық және кондитерлік өнімдерді сақтау және тасымалдаумен айналысады.
«Жергілікті дүкендерге Ресей мен Қырғызстаннан балмұздақ жеткіземіз. Жақында жамбылдық балмұздақты сататын боламыз»- деді компанияның басқарушы директоры Рахат Әшімов.
Бас директор Патохберди Талиповтың айтуынша, цех іске қосуға дайын, тек инфрақұрылым жүргізу мәселелерін шешу қажет. Бұл мәселеде аймақ басшысы жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді: ол кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына тиісті тапсырма берді.
«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша облысымызға қыруар қаржы бөлінуде. Алайда жобалар аз. Бизнес-идеяларды қолдау үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек проблемаларды дер кезінде шешу қажет», - деді Бердібек Сапарбаев.