Жамбыл облысының аграршыларына жеңілдетілген шарт бойынша 11 жаңбырлатқыш құрылғы беріледі
«СПК-Тараз» Акционерлік қоғамы Жамбыл облысындағы 10 шаруа қожалығына 11 жаңбырлатқыш қондырғы береді. Мемлекет бұл құралдарды сатып алуда олардың құнынан 50% мөлшерінде субсидия бөлді. Жетпейтін ақшаны 5% несиеге алуға болады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Ауыл шаруашылығы басқармасына су ресурстарын зерттеу тапсырылды, содан кейін әр аудан бойынша келесі егіс маусымында нақты мәліметтер болады. Біздің міндетіміз - суармалы жер көлемін ұлғайту, ылғал үнемдеу. Мемлекет фермерлерге субсидия және қолайлы шарттармен несие ұсынады. Біз осы мүмкіндікті пайдалануымыз керек», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жаңбырлатқыш қондырғыларды таныстыру кезінде.
Ол шаруа қожалықтарының басшыларын жаңа технологияларды енгізуге және алынған өнімдерді әлеуметтік павильондарға жеткізуге шақырды.
«Шаруалардан барлығы 80 өтініш келіп түсті. Олардың барлығы өз кезегінде жаңа жабдықтарға ие болады. Келесі жылы жаңбырлатқыштардың санын 200-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осындай машиналардың бірі 20 гектар жерді суара алады. Құны 5,1 млн.- 6 млн. Теңге тұрады», - деді «СПК-Тараз » серіктестігінің басшысы Олжас Қаржауов.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстанда егіндікті суаратын Valley жүйесі енгізіледі
«Ақбидай-2» шаруа қожалығының жетекшісі Нариман Қалқабаев облыста алғашқылардың бірі болып жаңа жаңбырлатқыш қондырғының иесі болды. Оның айтуынша, бұл суару кезіндегі қол еңбегін жеңілдетуге ықпал етеді, өнімділікті арттыруға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік берді.
«Біз 38 гектар жерде көкөністер мен жемістер өсіреміз. Жаңбырлатқыш құрылғының арқасында суармалы жер көлемін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Шағын шаруа қожалықтарының да осындай пайдалы аппараттарды сатып алуға мүмкіндігі бар екеніне қуаныштымын», - деді ол.
Жамбыл облысы тамшылатып суаруды қолдану бойынша көшбасшылардың бірі болып табылады. 2020 жылы ылғал үнемдейтін технологияларды қолданатын жер көлемі 20 мың гектардан 30 мың гектарға дейін ұлғайды. 2022 жылы бұл көрсеткішті 50 мың гектарға дейін кеңейту немесе жалпы суармалы жердің 40% -ға дейін арттыру жоспарланып отыр.