Ғарыштық мониторинг бір жыл ішінде 8,3 млн га пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін анықтады
2020 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін ғарыштық мониторинг жобасы басталды. Осыған орай Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Маңғыстау облыстары пилоттық өңірлер ретінде таңдалып алынды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мәлімдеді.
«Пилоттық жоба жүргізілетін өңірлердің космомониторингінің бірінші кезеңінің деректері бойынша 8,3 млн га пайдаланылмайтын жер анықталды, оның ішінде 2,6 млн га жайылым ерікті түрде мемлекеттік меншікке қайтарылды. 5,7 млн гектар жер иелеріне заң бұзылғандығын айтып, хабарлама жіберілді», - деді АШМ басшысы.
Премьер-министр Асқар Мамин хабарлағандай, 2021 жылдың соңына қарай ауыл шаруашылығы жерлерін ғарыштық мониторингілеу жобасы барлық өңірлерде жасалатын болады. Ал әзірге ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жерді дұрыс пайдаланбағандарды анықтау тәсілдерін жетілдіру үшін пилоттың нәтижелерді талқылауда.
Тақырыпқа байланысты оқу: Қазақстан жері кімге тиесілі?
Сапархан Омаров жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелердің бірі жер учаскесін алу кезіндегі кезек мәселесі болып табылатынын атап өтті. 2021 жылдың І тоқсанының соңына дейін жер учаскесін алу үшін кезекке тұруды автоматтандыру жүйесін аяқтау жоспарлануда.
Бұдан басқа, Цифрлық даму министрлігімен жерді цифрландыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде. 2020 жылдың соңына дейін 26, 25 млн га және 6,5 млн га алқаптың топырақ, геоботаникалық және ауыл шаруашылығы карталары жасалатын болады. 2021-2022 жылдары топырақ және геоботаникалық карталар 40 млн гектарға дейін және ауыл шаруашылығы карталары 33,2 млн гектарға дейін ұлғайту жоспарланған.
«Қазақстан Республикасында АӨК-ті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу аясында ауыл шаруашылығын цифрлық карталарымен қамту жоспарлануда», - деп түйіндеді сөзін АШМ басшысы.