Қытай Алашанкоу бекетінде қазақстандық вагондарды қабылдай бастады
Қазақстан мен Қытай 29 қаңтарда уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен өткен келіссөздерде екі ай бойы шекарада тұрған ауыл шаруашылық өнімдері тиелген вагондарды қабылдау туралы келісімге келді. Сондай-ақ, Қытай тарапы бүгіннен бастап қабылдайтын және түсіретін вагондар санын арттыратын болады. Бұл туралы «ҚТЖ-Жүк тасымалы» бас директорының орынбасары Қанат Көбесов хабарлады.
«Қытай ҚХР аумағында жабық вагондарды түсіре бастады (Алашанкоу және Хоргос). Бұл шамамен 430 жабық вагон. Осыдан кейін Қазақстанда тұрған 2 200 жабық вагонды қабылдау басталады», - деді Қанат Көбесов.
Келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған хаттамада «Қытай тарапы Қазақстан Республикасының аумағында жиналып тұрған жабық вагондарға қатысты шұғыл шаралар қабылдайды және 1 ақпаннан бастап Хоргос және Алашанкоу станцияларында жүк түсіре бастайды» деп жазылды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Не себепті «Астық Транс» Қытайға өнім жеткізуді тоқтатты
Осы уақытқа дейін шекарада Қазақстан жағында Қытай бағытында 7 мыңнан астам вагон жиналып тұр. Тараптар Қытай Алашанкоу станциясында 1 ақпаннан бастап тәулігіне 18 пойыз, ал 1 наурыздан 20 пойызға дейін көбейтетін болып келісті. Хоргос станциясында ақпаннан тәулігіне 8 пойыз, наурыздан бастап 10 пойызға дейін көбейту жоспарланып отыр.
Қазіргі уақытта Қытай тарапындағы вагондарды дезинфекциялауға байланысты пойыздарды қабылдау процесі өте баяу жүргізілуде. Осыған байланысты Қазақстан вагондарды өздері дезинфекциялауды ұсынған болатын.
«Қазақстандық тарап қажет болған жағдайда Қытайдың China Certification & Inspection Group (CCIC) сертификаттау компаниясын шақырып, Республика аумағында дезинфекциялау жұмысын жасауға дайын екендіктерін айтқан болатын. Оның сертификаты Қытай мемлекеттік комитетімен халықаралық деңгейде мойындалған және аккредиттелге (CNAS). Baltic Control Kazakhstan компаниясының қатысуымен - өнімнің сапасын тексеруге, үй-жайларды және әртүрлі құрал- жабдықтарды, оның ішінде жүк вагондарын зарарсыздандыруға болады. Қытай тарапы Қазақстандағы вагондарды сыртқы дезинфекциялау процедураларын өткізу мүмкіндігін қарастырады және қабылданған шешім туралы есеп береді», - деп көрсетілген хаттамада.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР-дағы Қытай шекарасында жүк вагондарының тоқтап тұруын форс-мажорлық жағдай деп таныды
Сонымен қатар, аталған келіссөзде қазақстандық делегацияны Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев басқарғанын атап өткен жөн. Ал Қытай делегациясын Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметі төрағасының бірінші орынбасары Чжан Чунлин бастады.