Парламент жер туралы заңды қабылдады
Мәжіліс депутаттары бүгін өткен жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына Сенат енгізген түзетулермен келісті.
Мәжіліс комитетінің аграрлық мәселелер жөніндегі хатшысы депутат Берік Оспановтың хабарлауынша, шетелдіктердің және қандастардың ауылшаруашылық жерлеріне меншік құқығына толықтай тыйым салуды көздейтін сенат ұсынған түзетулер мәжіліс депутаттарының мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасын бұзбайды.
Мәжіліс депутаттары Сенат енгізген өзгерістерді ескере отырып, құжатты қабылдау үшін дауыс берді. Сенат бұған дейінгі мәжіліс депутаттарының жерді шетелдіктерге орман өсіру үшін жалға беруіне мүмкіндік беретін түзетумен келіспеді.
Қабылданған соңғы нұсқадағы заңда бұл норма жоқ, ол қабылданбады, енді аталған құжат мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР-дағы компаниялардың құрамына шетелдіктер кірген жағдайда олар ауылшаруашылық жерлерінен айырылады
Еске сала кетейік, жер заңнамасына түзетулер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен енгізілген. Бұл заңда шетелдіктерге, шетелдік компанияларға, шетелдіктердің қатысуы бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық компаниялар қатысатын ғылыми орталықтарға, сондай-ақ кандастарға ауылшаруашылық жерлерін беруге толық тыйым салынады.
Мораторий енгізілгенге дейін шетелдіктерге берілген ауылшаруашылық жерлерін жалдау шарттары 2022 - 2025 жылдар аралығында аяқталады және ұзартылмайды.