Елді мекендердің маңында жайылымдардың жетіспеушілігі 32 млн гектарға бағаланады
Nur Otan партиясы жанында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшелері жайылымдық жерлерді пайдалану жайын сынға алды. Аталған кеңестің хабарлауынша, жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі 32 млн гектардан асады, осы жағдайға байланысты партия мүшелері ауыл тұрғындарынан осы мәселеге қатысты түрлі шағымдар алады. Бұл туралы Nur Otan партиясының баспасөз қызметі хабарлады.
Партияда атап өткендей, 7,7 млн адам немесе халықтың 40% -дан астамы ауылдық жерде тұрады. Ал тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарында шаруа қожалықтарына қарағанда екі есе көп жекеменшік мал бар. Малдың 80% -ы елді мекендердің айналасында жайылады, сондықтан 5-6 километр радиустағы жайылымдық жерлердің әбден тозығы жеткен.
«Ақтөбе аймағынан басқа барлық облыстарда жайылымдар жетіспейді. Жалпы, ауыл тұрғындарының шамамен 6,7 млн бас малы бар, оларды жаю үшін 53,3 млн га жер қажет, ал бар болғаны 20,9 млн га. жер пайдаланылуда. Бұл жайылымдық жердің үлкен тапшылығы!» - деп баса айтты жұмыс тобының жетекшісі, Кеңестің мүшесі Меруерт Қазбекова.
Тақырыпқа байланысты оқу: Жайылымдық жерлерді қалай тоздырмауға болады
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстанда 185 млн гектарға жуық жайылымдық жер бар, оның 73,4 млн гектары ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне тиесілі. Кеңес төрағасы, мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, бұл жерлер тиімді пайдаланылмауда.
«Qoldau платформасындағы мәліметтер бойынша 2020 жылғы 1 қазандағы жағдайға сәйкес 38 млн гектар жайылым мақсатқа сай пайдаланылмауда. Өткен жылы 1,8 млн гектарға жуық жер мемлекет меншігіне кері қайтарылды. Ал қалғаны қандай жағдайда? Әлде жауапсыз жер пайдаланушылардың ұяты оянады деп күтеміз бе?»- деді Ерлан Саиров Ауыл шаруашылығы министріне жүгіне отырып.
Бұған жауап ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Сапархан Омаров министрліктің үнемі бақылау жасауға кадрлардың жетіспейтіндігін айтып түсіндірді.
«Жер ресурстарын басқару комитеті еліміздің барлық жеріне жауап береді, алайда онда тек 32 адам жұмыс істейді. Олар тіпті тұрғындардың шағымдарын толық қарауға және оларға жауап беруге мүмкіндіктері келмейді. Сонымен қатар, жер учаскелерін жергілікті атқарушы орган бөледі, бақылау жасау қызметтері соларға жүктелген. Сондықтан біз парламентке заң жобасын ұсындық, онда жер инспекциясын министрліктің қарамағына беру мәселесі ұсынылады», - деді Сапархан Омаров.