Қазақстан Біріккен Араб Әмірлітеріне АӨК жобаларын қаржыландыру үшін қор құруды ұсынды
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Нұр-Сұлтан қаласында БАӘ азық-түлік және су қауіпсіздігі министрлігінің басшысы Мәриям бинт Мохаммед Саид Хареб Әл Мехайримен кездесті. Аталған кездесуде Біріккен Араб Әмірліктерінің ҚР агроөнеркәсіптік секторына инвестициясын арттыру мәселесі ұсынылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сапархан Омаров Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау шаралары жайында, АӨК әлеуеті туралы және Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері жайлы толық ақпарат берді.
«Бұл кездесу біздің елдеріміз арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және дамытуға ықпал етеді, оның ішінде Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторына инвестициялар салуға қосымша серпін беретініне сенімдімін», - деп атап өтті ҚР АШМ басшысы.
Мариям бинт Мохаммед Саид Хареб Әл Мехайридің Қазақстанға сапары барысында Нұр-сұлтан қаласына Al Dahra Holding (Абу-Даби) компаниясының өкілдері де келді. Қазақстанның Агрохолдинг өкілдерімен кездесу аясында қонақтарға бау-бақша өсіру шаруашылығы, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу жайлы айтылды, сондай-ақ азық-түлік пен құрама жем өндіру бағыттары бойынша жалпы сомасы $757 млн болатын инвестициялық жобалар ұсынылды.
Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР мен БАӘ ірі агрохолдингтері бірлесіп кәсіпорындар ашатын болады
Сонымен қатар, Al Dahra Holding делегациясы қазақстандық инвестициялық Даму Қорының (KIDF), Samruk Kazyna Invest LLP, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Араб тарапына KIDF -пен бірлесіп агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін инвестициялық қор құру ұсынылды.
Сондай-ақ, жаңа жобаларды жүзеге асыру мақсатында АХҚО юрисдикциясында Қазақстанда Al Dahra Holding кеңсесінің өкілдігін құру ұсынылды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Al Dahra Holding өкілдері жақын арада Қазақстанға ынтымақтастық жобаларды жан жақты қарастыратын техникалық сарапшылар тобын жіберетінін хабарлады.
Al Dahra Holding-штаб-пәтері Абу-Дабиде орналасқан, мал азығы мен негізгі азық-түлік өнімдерін (күріш, ұн) өсіруге, өндіруге және сатуға мамандандырылған компания. Бұл кәсіпорында 5 мың қызметкердей жұмыс істейді. Компанияның 20-дан астам елде филиалдары жұмыс істейді және 45-тен астам нарыққа қызмет көрсететін, Азия мен Таяу Шығыстағы жетекші орны бар компания болып табылады.
Бұл компанияның 160 мың гектардан астам жері бар, жемшөпті өңдейтін 15 заманауи кәсіпорынды басқарады, сүт және мал шаруашылығы өнеркәсібінің қажеттіліктері үшін жылына 3 млн тонна жоңышқа мен шөп өндіруге мүмкіндігі бар. Бүгінгі таңда компания Ауыл шаруашылығы малдары үшін қытай нарығының 25% - ын жеммен қамтамасыз етуде.
Al Dahra Holding сонымен қатар,3 күріш диірмені мен жылына 0,5 млн тонна күріш пен ұн шығаратын 2 ұн диірмені бар. Сондай ақ астық өндіру, орау, маркетинг және сату саласындағы жетекші кәсіпорын болып табылады. Компания БАӘ-дегі Фуджейра портында (әлемдегі басты теңіз хабтарының бірі) стратегиялық тұрғыда жақсы орында орналасқан, сыйымдылығы 300 мың тоннадан асатын астық хабына иелік етеді және оны басқарады.
Al Dahra Holding сонымен қатар логистика мен жеткізілім тізбегіне айтарлықтай қаражат салды. Компания жыл сайын шамамен 2 млн тонна жүк тасымалдайды және 175 мың стандартты түрдегі контейнерді жөнелтумен айналысады.