ҚазҰАЗУ шаруашылығында Valley демонстрациялық алаңы ашылады

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің  басшылығы және «Су Хабы» халықаралық зерттеу орталығының ғалымдары ТМД-дағы Valmont компаниясының коммерциялық директоры Сергей Стефановпен және компанияның ТМД-дағы маркетинг жөніндегі бас маманы Әсел Әбдуғалимовамен кездесті. Аталған кездесу барысында әңгіме Қазақстанда Valley суару жүйесін өндіру жобасын іске асыру туралы болды. Бұл туралы өзінің Facebook сайтында университет ректоры Тілектес Есполов хабарлады.

Қазақстанда 2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін басқару және заманауи суару жүйелерін шығаратын зауыт ашу және демонстрациялық фермалар желісін іске қосу жоспарлануда.

Тілектес Есполовтың мәліметінше, аталған зауыт Алматы облысында салынады. Кәсіпорынның қуаты жылына 1 мың Valley фронталды және айналмалы суару машинасын шығаратын болады. Әрбір қондырғы орта есеппен 90 гектарға есептелген. Бұл қондырғылар өсімдік шаруашылығының өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығындағы су шығынын 50-70% -ға төмендетуге мүмкіндік береді.

Тақырыпқа байланысты оқу: ҚР-дың аграрлық кәсіпорындары үшін Valley атты  ерекше жүйе жасалуда

Бұл ретте технологиялар трансфертіне суармалы техниканы таныстыратын орындар желісін құру ықпал ететін болады.

«Осыған байланысты тиісті егіс алқаптары бар университеттің оқу-тәжірибе шаруашылығы базасында Valley жаңбырлатқыш техникасын көрсететін алаңдарды бірлесіп құру жөнінде келісілді. Алаң мақсаты суару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, жем-шөп өндірісі, фермерлерді оқыту және тренинг, сондай-ақ білікті кадрлар даярлау саласындағы озық технологиялар трансфертін қамтамасыз ету болып табылады», - деп атап өтті ҚазҰАЗУ ректоры.

Бұдан басқа, «Су Хабы» халықаралық зерттеу орталығының базасында инновациялық суару техникасы мен технологиялар бойынша орталық құру жоспарлануда. Екі тараптың бірлесіп жұмыс істеуі Қазақстан үшін маңызды мәселені шешуде, атап айтқанда - суару жүйелерінде ресурс үнемдейтін техника мен технологияларды пайдалана отырып, жердің өнімділігін арттыруда айтарлықтай жетістікке жететін болады.

Әңгіме барысында Тілектес Есполов атап өткендей, ирригацияны дамытудың заманауи кезеңін сипаттайтын негізгі фактор ресурс үнемдеу болып табылады. Еңбек, материалды, жер ресурстарын, сондай-ақ су және энергетикалық ресурстарды үнемдi пайдалану тапшылықтың өсуiн ескере отырып, суармалы егiншiлiктi таяу және одан әрi перспективаға дамытудың негiзi болып табылатындығын айтты.

Біздің парақшамыздан Қазақстандағы агробизнестің соңғы жаңалықтарын бірінші болып біліп отырыңыз Facebook, арнада Telegram, бізге жазылыңыз Instagram немесе біздің пошталық жіберу.