АШМ азық дайындауға көмектесіп жүрген еріктілердің жұмысын қолдауды сұрайды
Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашүкеев құрғақшылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуді және жемшөп жинау жұмыстарын жандандыруға шақырды. Көмекті жеткізуді ұйымдастыру үшін өңірлік штабтар жиналған ресурстардың нақты көлемін білулері керек Бұл туралы АШМ баспасөз қызметінен хабарлады.
Сондай-ақ, Ауыл шаруашылығы министрі Маңғыстау және Қызылорда облыстарына шөп жіберуді жалғастырып жатқан еріктілерді қолдауға шақырды.
«Сіздерден ерікті ұйымдардың қызметін қолдауларыңызды сұраймын, олар жасап жатқан жұмыстарымен зардап шеккен өңірлерге 150 вагон (Арал ауданына 15 вагон және Маңғыстау облысына 135 вагон) жеткізіп, алдағы уақытта 2000 вагонға дейін арттыруды көздеп отыр», - деді Ербол Қарашүкеев Азықпен қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жедел штаб отырысында.
Ол еріктілерге ұйымдастырушылық-техникалық және өзге де мәселелерді шешуге жан-жақты көмек көрсетуді, осы жұмысқа бизнес қоғамдастықтарын қосу қажеттігін атап өтті.
«Мен Маңғыстау облысының әкімдігінен арнайы шот ашуды сұрадым, оған Қазақстанның барлық бей-жай қалмайтын азаматтары мен ұжымдары қайырмалдық жасай алады. Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстау облысының мұқтаж фермерлері мен шаруашылықтарына бір күндік жалақысын көмекке жіберу туралы шешім қабылдады. Басқа компаниялар да тыс қалмайды деп ойлаймын», - деді министрдің міндетін атқарушы.
Тақырыпқа байланысты оқу: Ауыл шаруашылығы министрлігі: мал азығын дайындау ісі қатаң бақылауда
Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл тұрғындарына 70 млн теңге төленді. Тамыз айының соңына дейін үкімет резервінен бөлінген барлық қаражат шаруашылықтарға жіберіледі.
Жемшөп дайындау қызметінің бір бағыты астық жемінің қорын құру болып қала береді. Осы жағдай бойынша мәселені қарастырып, әкімдіктердің сайттарына орналастыра отырып, сатуға арналған азықтың көлемін анықтау қажет. Әрбір ұн тарту кәсіпорны алатын кебектердің көлемін анықтауға тиіспіз.
«Құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, біз жақын арада осы аймақтарға жем-шөп жеткізу көлемін олардың операторлары арқылы жіберетін боламыз», - деп хабарлады Ербол Қарашүкеев.
Қазіргі кезде алқаптардағы өрт тағы бір проблемаға айналып отыр. Қарағанды облысында 39 мың га жайылым өртенді, сонымен қатар Ақтөбе облысының жайылымдарында өрт шықты.
«Барлық жерде өртке қарсы ережелер сақталуы тиіс. Бұл тек мал шаруашылығына ғана емес, егістікті дер кезінде жинауға тиіс егіншілерге де қатысты», - деп атап өтті министрдің міндетін атқарушы.