Бұрынғы Бараев атындағы АШҒӨО бас директоры 10 жылға сотталды
А.И.Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылым-өндірістік орталығының қызметкерлері 10 қыркүйекте Ақкөл аудандық сотының үкімімен бюджет қаражатын ұрлағаны үшін түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Тергеу мәліметтері бойынша, олар ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасы үш жыл бойы қолданылған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен хабарлады.
«Олар 2018-2020 жылдар аралығында жүйелі негізде аффилиирленген компаниялармен жұмыстар мен қызметтерді нақты орындамай шарт жасасу арқылы, сондай-ақ кәсіпорын ғимараттарын ағымдағы жөндеу кезінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын орындамау арқылы бюджет қаражатын ұрлауды жүзеге асырды деп күдіктенді. Сол арқылы мемлекетке 190 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірілді», - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен.
Ведомствоның мәліметінше, АШҒӨО бас директоры Абдуллаев 10 жылға, Орталықтың мемлекеттік сатып алу бөлімінің бас маманы 8 жылға және кадрлар бөлімінің маманы 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық схемасына қатысқан «Монолит-1» ЖШС директоры 8 жылға сотталды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Елдегі мал пәре арқылы экспортқа шығарылған
Сонымен қатар, барлық сотталғандар өмір бойы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылды.
Бұған дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет КЕАҚ басқариа төрағасы қазіргі кездегі сенат депутаты Ахылбек Күрішбаев Қазақстанның жекелеген аграрлық ғылыми орталықтарында жемқорлық жайлап келе жатқанын мәлімдеген болатын.