Жазда Қарағандыда ірі топтап сату орталығы ашылады
Бүгін ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, жаңадан ашылатын Global City топтап –сату орталығын аралады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағандыда орналасқан ТСО ҚР-дағы ең ірі орталық болады және ауыл шаруашылығы өнімдерін сату үшін «Солтүстік - Оңтүстік» бағыттарды байланыстырады. Global City-де азық-түлік өнімдерін сақтауға, сұрыптауға және сатуға болады. Орталықта бөлшек сауда және топтап сату жүргізілетін болады.
Әкімдіктің болжамынша, фермерлер өнімдерін делдалсыз сата алады. Бұл жағдай жемістер мен көкөністердің бағасын Қарағанды нарығында ғана емес, сонымен қатар республиканың басқа да өңірлерінде төмендетуге мүмкіндік береді.
Компанияның коммерциялық департаментінің директоры Наиля Мунасипованың айтуынша, «Аталған кешенді салғандағы мақсат кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің бизнесті жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасау, арадағы сатып алушы делдалдарды алып тастау. Бұл тұтынушы үшін бағаның төмендеуіне, сондай-ақ қалалықтарды қолжетімді бағамен әрдайым жаңа өнімдермен қамтамасыз ету».
Баспасөз қызметінде хабарлағандай, кешен аумағы бүгінде 60 гектарды алып жатыр, одан әрі 100 гектарға дейін кеңейтуге мүмкіндік бар, сонымен қатар сауда-қойма қызметімен байланысты жаңа инфрақұрылым нысандарын салу жоспарланып отыр.
Бұған дейін айтылғандай, Қазақстанда 2022 жылға қарай сауда -саттық жүйесі салынады, оның бір бөлігі 24 топтап-сату орталығы болады. Осындай бес орталықтың құрылысы биылғы жылы Павлодар, Алматы және Түркістан облыстарында басталады. Республиканың барлық өңірлерінде ТСО желісі өндірушіден дүкен сөресіне дейін тауарды жеткізу тізбегін қамтиды деп болжануда. Алайда, кейбір нарық сарапшылары 240 млрд теңге жұмсалатын ТСО құрылысы жақсы нәтиже әкелмейді деп санайды.