04 мая 2022 Қазақстан

Қазақстанда ауыл шаруашылығы дақылдарының генетикалық банкі құрылмақ

Ағымдағы жылы Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы еншілес ұйымдарда сақтаудағы ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық ресурстарына және олардың жабайы тұқымдастарына толық түгендеу жүргізді. Түгендеу қорытындысы бойынша сақтауға жататын 63 мыңнан астам коллекциялық үлгілер мен олардың ауыл шаруашылығы дақылдарының жабайы тұқымдастары анықталды. Бұл туралы орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.

2022 жылғы 28 сәуірде ҰАҒБО және Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің генетикалық ресурстарының ұлттық банкін құру мақсатында бірлескен қызмет туралы келісімге қол қойды. Генетикалық Банктің қызметі өсімдіктердің жаңа, жоғары өнімді сұрыптары мен будандарын жасау үшін бастапқы материал ретінде генетикалық үлгілер банкіне ие болуға және әлемдік жетекші селекциялық институттармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.

Генетикалық банк "Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС базасында құрылады.

Тақырып бойынша оқу: ҰАҒБО ұйымдары майлы дақылдар алқаптарын ұлғайтуда

"Биоалуантүрлілікті сақтау жөніндегі конвенцияда, жаһандық іс-қимыл жоспарында және Лейпциг декларациясында, ТМД елдерінің конвенциясында, Нагоя хаттамасында көрсетілген генетикалық өсімдік ресурстарын сақтаудың ұлттық жүйесін нығайту жөніндегі міндеттерді іске асыру шеңберінде алғаш рет Қазақстан Республикасында өсімдік әртүрлілігін ұзақ мерзімді сақтауды ұйымдастыру бойынша іргетас қаланды", - деп атап өтті орталықта.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы биыл тұқым шаруашылығы селекциясын дамытуда екі маңызды жобаны іске қосады. Селекционерлер қауымдастығы және дақылдардың ұлттық генетикалық банкі құрылмақ.