Алматы облысында егіс алқабы 4,9 мың гектарға дейін кеңейтілді
Биылғы жылы Алматы облысы егін егетін алқаптарын 966,5 мың гектарға дейін кеңейтті. Сонымен қатар, аймақ басшылығы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру мақсатында қазіргі заманғы агротехнологияларды қолдануды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Біз жыл сайын егіс алқабын ұлғайтып отырамыз. Мысалы, биыл егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4,9 мың гектарға артып, 966,5 мың гектарға жеткізілді. Алайда егістік алқапты үнемі ұлғайту мүмкін емес, сондықтан қазіргі заманғы агротехнологиялардың көмегімен өнімділікті арттыру қажет», — деді аймақ басшысы Амандық Баталов әкімдікте өткен жиналыста.
Сондай-ақ, ол төтенше жағдайға қарамастан, облыста көктемгі дала жұмыстары уақытылы басталғанын атап өтті. Дағдарыс жағдайында агроөнеркәсіп саласы негізгі, жетекші орын алады және жұмысты қарқынды түрде жалғастыру керек, соның ішінде өнімді өңдеу бағытында жұмыстар істелуі керек екендігін айтты.
«Біз Ақсу, Көксу қант зауыттарын, Жаркент крахмал фабрикасын қажетті шикізатпен қамтамасыз етуді жолға қойдық. Енді біз Талдықорғанда жаңадан ашылған «Жетісу Мажико» зауытын майлы дақылдармен, оның ішінде рапспен қамтамасыз етуге тиіспіз», — деп атап өтті Баталов.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров «Қолдау» жүйесі арқылы келіп түскен электронды өтінімдер негізінде 1086 ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне 1024,9 миллион теңге көлемінде субсидия берілетінін хабарлады. Сондай-ақ, «Кең дала» Аграрлық несие корпорациясының бағдарламасы бойынша егінді уақтылы және сапалы жүргізу үшін 78 қарыз алушыға 888,4 млн. теңге көлемінде несие берілді. Тағы 11 ауылшаруашылық өндірушілері «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 290 млн.теңгеге несие алуға өтініш берді.
Сонымен қатар, бөлінген 19,0 мың тонна дизель отынының 5,3 мың тоннасы жеткізілді, ал аймақтың кәсіпорындары 165 теңгеден 4,2 мың тонна жанар-жағар май алды.