Қазақстан майлы дақылдардың рекордтық өнімін жинады
Қазақстанда екінші жыл қатарынан дәнді дақылдардың рекордтық өнімі жиналады – шамамен 27 млн тонна. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 1 млн тонна көлемінде бұршақ дақылдарының және 4,7 млн тонна көлемінде майлы дақылдар тұқымдарының рекордтық өнімі алынды. Бұл туралы үкімет отырысында вице-премьер - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.
Вице-премьердің айтуынша, ауыл шаруашылығы маусымдық өсу кезеңіне өтті. Саланың жалпы өнім көлемі 6,1%-ға ұлғайып, қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,7 пайыздық тармаққа жеделдеді.
«Өсім өсімдік шаруашылығындағы көлемнің 7,6%-ға ұлғаюымен қамтамасыз етілген, бұл қолайлы ауа-райына және дәнді және майлы дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты.
Мақта жинау бойынша жоғары көрсеткіштер күтілуде. Жалпы сала бойынша ең үлкен өсімді Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары көрсетті», - деді Серік Жұманғарин.