13 декабря 2024 Әлем

Қазақстан Save Soil/Топырақты Сақтау қозғалысымен серіктестік туралы жариялады

Қазақстан БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес конвенциясының (БҰҰ ШҚКК) Тараптар Конференциясының (КС 16) 16-сессиясында Save Soil/Топырақты Сақтау қозғалысымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. ҚР тарапынан құжатқа АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов қол қойды.

Save Soil атап өткендей, топырақ дағдарысы бүкіл әлемде күшейіп келеді. БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы 2050 жылға қарай әлемдегі құнарлы топырақтың 90%-ы тозады деп есептейді. Сол уақытқа дейін планетаның халқы 10 млрд адамды құрайды, бұл қазіргі өндірілгеннен 60%-ға көп азық-түлікті қажет етеді. Сарапшылар жаһандық азық-түлік дағдарысын болжайды.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы да елдің топырақ ресурстарына тәуелді. Әлемдік экологиялық қоғамдастыққа терең интеграциялана отырып, Қазақстан озық шешімдерді енгізуге және топырақтың тозуын жою үшін өз инновацияларымен бөлісуге ұмтылады.

«Save Soil/Топырақты Сақтау ұйымының идеологиясы біздің идеологиямызбен сәйкес келеді, өйткені біз топырақ ресурстарын сақтауға да назар аударамыз. Бұл үздік технологияларды тарту және табыстармен алмасу жөніндегі халықаралық ынтымақтастық аренасындағы тағы бір қадам. Бүгін қол қойылған меморандум топырақ ресурстарын сақтау мақсатындағы қадам болып табылады», - деп атап өтті Мұрат Теміржанов.

Өз кезегінде Save Soil/Топырақты Сақтау техникалық директоры Правина Шрихар Қазақстанмен ынтымақтастықтың жаһандық маңыздылығын атап өтті.

«Салауатты топырақ — бұл азық-түлік қауіпсіздігінен бастап климатқа төзімділікке дейін әсер ететін тіршіліктің негізі. Қазақстанның SaveSoil/Топырақты Сақтау серіктестік қатынастарын жолға қою жөніндегі белсенді қадамдары осы жаһандық мәселені шешуге көреген көзқарасты айғақтайды. Біздің күш-жігерімізді біріктіру арқылы біз топырақтың құнарлы және болашақ ұрпақ үшін өмір сүруге жарамды болуын қамтамасыз ете аламыз», - деді Правина Шрихар.

Save Soil/Топырақты Сақтау — топырақ дағдарысы туралы бұқараның хабардарлығын арттыруға және үкіметтерге топырақ денсаулығын сақтау саясатын әзірлеуге қолдау көрсетуге бағытталған жаһандық қозғалыс. Соңғы 25 жыл ішінде бұл қозғалыс Үндістанның оңтүстігіндегі ауқымды жобалармен жұмыс істеп, регенеративті ауыл шаруашылығына көшуде 250 мың фермерге қолдау көрсетуде.