Экспортқа шектеу салу ұнның бұзылуына әкелуі мүмкін
Ұн экспортына не себепті шектеу салынғандығы әлі күнге дейін қазақстандық аграршыларға түсініксіз. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі сәуір айында шетелге жіберілетін дайын өнімге 70 мың тонна көлемінде квота енгізді, ал мамыр айында оны 150 мың тоннаға дейін көбейтті.
— Астықты экспортқа шығаруға квотаның берілуі аграршыларды қолдау үшін жасалып жатқанын түсінеміз-деді «Найдоровское» ірі астық шаруашылығының директоры Павел Лущак ElDala.kz — материалында. — Бірақ неге ұн экспортына шектеу қойылады? Осы қабылданған шешімнің салдарынан сыртқа жіберілуі тиіс тауарлар диірмендерде тау болып үйіліп тұр. Көптеген шаруашылықтар сатып алушылардан карантин енгізілгенге дейін келісімшарт бойынша алдын ала төлем алған еді. Міндеттемелерді орындау керек, немесе ақшаларды доллардың өскен бағамы бойынша қайтару керек. Ал бұл тікелей шығын болады.
Сарапшылардың бағалауы бойынша, Қазақстанның диірмендерінде 300 мың тоннадан астам ұн жиналып тұр. Ол ұн қайда жіберіледі?! Осының салдарынан ұн өндірушілер аграршылардан ұн сатып алуды тоқтатты, сөйтіп нарықтағы жағдай бір орнында тоқтап тұр. Сонымен қатар, күн жылына бастады, ал ұн жоғары температурада өте нашар сақталады, бұзылып кетуі мүмкін.
— Қазақстан ішінде импорттық астықты қайта өңдеу жағдайы түсініксіз болып тұр,- деді Павел Лущак. — Мысалы, ұн өндіруші немесе трейдер Ресейден бидай алып келеді және одан дайын өнім шығарады (ұн, макарон және т.б.). Осылайша ол адамдарға жұмыс береді. Бірақ бұл ұнды ол шетелге сата алмайды, себебі оның квотасы жоқ. Бұл қызметке не себепті шектеу салынады? Елдің азық-түлік қауіпсіздігіне ешқандай да қауіп келмейді емес пе, себебі астық импорт ретінде шетелден алып келінді!
Сондықтан олар Үкіметке мынандай ұсыныс айтуда: Ресейден астық әкеліп ұн өндіретін компаниялар да квотадан тыс ұнды экспорттауға мүмкіндік алулары тиіс.