Түркістан облысында мега-жылыжайдың құрылысы басталды
Түркістан облысының Келес ауданында, Бірлік кентінде еліміздегі ең ірі жылыжай кешенінің капсуласының іргетасын қалау рәсімі өтті. Өнеркәсіптік жылыжайлар 500 га аумақта орналасады. Жылыжай мегакешенінің жобасы "ЭКО-культура" агроөнеркәсіптік холдингінің серіктесі - Green Land Alatau қазақстандық компаниясының көмегімен іске асырылатын болады. Бұл туралы ElDala.kz өңір әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Бірінші кезекте ауданы 51 гектардан асатын жылыжай салынады. Жобаны толық іске асыру кезінде 8000-нан астам жергілікті тұрғын жұмысқа орналасады. Жаңа жобаға инвестициялардың жалпы көлемі 524 млрд теңгені құрайды, бұл ретте бірінші кезеңде 51,6 млрд теңге бағытталатын болады. 25 млрд теңгеге ауданы 27 га жылыжай салу жоспарлануда. Қуаттылығы жылына 225 мың тонна қызанақты құрайды", - деп хабарлады әкімдік.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды атап өткендей, өңір еліміздегі жеміс-көкөніс өнімдерінің негізгі жеткізушісі болып табылады. Облыста жылыжайлардың астында 1 569 га жер бар, мұнда 3 366 жылыжай немесе республиканың барлық жылыжайларының 71% орналасқан.
"2015 жылмен салыстырғанда бұл салаға инвестиция көлемі 7 есеге ұлғайды, өткен жылы ол 74,7 миллиард теңгені құрады. "ЭКО-культура" компаниясы елімізге инвестиция салғаны біз үшін үлкен мәртебе. Біз бұл жобаны толығымен қолдауға дайынбыз. Жобаны іске қосу өңірдің ішкі нарығына отандық өнімді жеткізуді ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін болады", - деді Дархан Сатыбалды.
Жобаның бірінші кезеңі 2024 жылдың тамызында, ал бүкіл жоба 2027 жылға дейін аяқталады деп жоспарлануда. Бірінші кезеңдегі жұмыс орындарының саны 1000 болады. Қазіргі заманғы жылыжай кешендерін заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен, жылыту және салқындатуды басқару жүйесімен, жарық режимімен, тамшылатып суарумен, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерімен жабдықтау жоспарлануда.