Маңғыстау облысында 1 гектар алқапқа жаңа жылыжай салынуда
Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында аумағы 1 гектар болатын жаңа жылыжай салынатын болады. Бұл туралы облыстағы қоғамдық байланыс орталығынан хабарлады.
«Биылғы жылдың соңына дейін Ақшұқыр ауылында орналасқан 1 га алқапқа «Диханов» Жеке кәсіпкерлігінің жылыжайын пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны 1 шаршы метрге 20-25 килограмдық өнім шығатындай 30 миллион теңгені болады» - деді онлайн брифингте Түпқараған ауданындағы ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Дәулет Утебалиев.
Сонымен қатар, ол Түпқараған ауданында ауыл шаруашылығында 317 шаруа қожалығы мен 3 жеке меншік серіктестік тіркелгенін атап өтті. Оның 286-сы мал шаруашылығымен және 31 –і өсімдік шаруашылығындағы дақылдарды өсірумен айналысатындығын айтты.
Сондай-ақ Д.Утебалиев «Еңбек» атты нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында Түпқараған ауданына бизнестің ашылуы мен одан әрі дамуына микронесиелер беруге 110 млн.теңге бөлінгенін хабарлады. 6 айдың қорытындысы бойынша 9 азаматтың 40 миллион теңгеге өтінімдері қанағаттандырылды. Комиссияның қарауына тағы 7 жоба ұсынылды.