11:49 Көкөністер мен жемістер

Қазақстанда вируссыз тұқымдық картоп өндіру орталығы құрылады

Қазақстанда қытайлық Inner Mongolia Muland Agricultural Technology Co., Ltd. компаниясының қатысуымен вируссыз тұқымдық картоп өндіретін жоғары технологиялық орталық құру жоспарлануда. Бұл жоба ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен қытайлық компанияның бас директоры Вэй Цзинлунның кездесуінде талқылады, деп Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қытайлық инвестор микро және аса ұсақ түйнектер өндірісін қоса алғанда, озық технологияларды енгізе отырып, зертханалық-жылыжай кешенін құруға қызығушылық білдірді. Компанияның өз ғылыми-өндірістік инфрақұрылымы бар әрі осыған ұқсас жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол.

Жоба Қазақстанда жоғары сапалы тұқым материалының өнеркәсіптік өндірісін іске қосуды және Орталық Азия нарықтарына бағдарлана отырып экспорттық әлеуетті қалыптастыруды көздейді.

Айдарбек Сапаров қартоп өсіру агроөнеркәсіптік кешеннің стратегиялық маңызды бағыты болып қала беретінін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл дақыл егілген алқап көлемі 131 мың гектарды құрады, орташа өнімділік гектарына 220 центнер болып, жалпы өнім көлемі 2,8 млн тоннаға жетті.

«Технологиялық тұрғыдан дамыған ұлттық тұқым шаруашылығы жүйесін қалыптастыру — саланың басты басымдығы. Бұл тек жаңғырту ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігінің берік негізін қалыптастыру. Биотехнологияларды дамыту және вируссыз отырғызу материалын кең көлемде өндіру импортқа тәуелділікті айтарлықтай азайтып, өнімділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз етеді әрі отандық селекцияның бәсекеге қабілеттілігін жаңа деңгейге көтереді», — деді Айдарбек Сапаров.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда түпнұсқа және элиталық тұқым өндірумен 22 мамандандырылған шаруашылық айналысады. Бұл жүйеде биотехнологиялық зертханалар шешуші рөл атқарады. Аталған бағыттағы жетекші ғылыми ұйым — ҰАҒББО құрамындағы Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты. Мұнда картопты жедел вируссыз көбейту және өнеркәсіптік өсіру технологиялары енгізілген.