Азық-түлік корпорациясы бидайды тұқымға сатуды бастады
Азық-түлік корпорациясы тұқым қоры ретінде пайдалану үшін фермерлерге азық-түлік бидайын сатуды бастады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бидайды тек астық өндірушілер бір гектар егістікке 130 килограмм егіс нормасы есебінен сатып ала алады. Барлығы 400 мың тоннаға дейін сатылатын болады.
Бидай Азық-түлік корпорациясының уәкілетті элеваторларынан EXW (франко-элеватор) шарттарымен 100% алдын ала төленген кезде жеткізіледі.
«Фермерлерді мемлекеттік қолдау шеңберінде азық-түлік астығын тұқым ретінде Азық-түлік корпорациясында 2024 жылғы форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша алынған аванстық төлемдер есебінен сатып алуға жол беріледі», - деп атап өтті Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Азық-түлік бидайын сатып алу үшін фермерлер егістік алқаптарының растайтын құжаттарын ұсынуы керек.
Бұған дейін Азық-түлік корпорациясы ElDala.kz порталына тұқымға сатылған бидайдың құны сапасына қарай тоннасына 135-150 мың теңгені құрайтынын хабарлаған болатын.