Тағы 78 қазақстандық кәсіпорын Қытайға зығыр тұқымын экспорттай алады
ҚХР-ға экспорттау құқығына ие болған кәсіпорындар тізіліміне тағы 78 зығыр тұқымын өндіруші және Қазақстаннан 8 бидай ұнын шығаратын компаниялар енгізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кәсіпорындар АШМ кепілдігімен тізілімге енгізілген. Қазіргі уақытта 103 зығыр тұқымын өндіруші (оның 78-і ҚР АШМ кепілдігімен) және 94 бидай ұнын өндіретін компания (64-і ҚР АШМ кепілдігімен) өз өнімдерін Қытайға экспорттау құқығына ие.
Баспасөз қызметі мәлімдегендей, соңғы жылдары зығыр егу Қазақстан фермерлері арасында кеңінен таралды. Бұл дақылды өндіру арзан және қарапайым,ал зығыр тұқымдары бидайға қарағанда әлдеқайда қымбат бағаланады. Сондықтан республикада өндіріс көлемі де, зығыр егумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерінің саны да өсуде. Алайда, бұл дақылды егуден топырақтың тез тозу қаупі бар.
«Бірнеше жыл ішінде Қазақстан зығырдың және зығыр майының ірі экспорттаушысы болды. Жыл сайын барлық өнімді Еуропалық және Азиялық мемлекеттер сатып алуда. Қазақстандық зығырды ірі импорттаушылардың бірі ҚХР болып табылады», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінде.
Өткен жылы Қытайда өткен «Бір белдеу, бір жол» халықаралық ынтымақтастық форумы барысында бидай ұнының экспорттық партияларына қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Сонымен қатар, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Пекинге сапары барысында Қазақстаннан Қытайға зығыр тұқымын экспорттауға қойылатын фитосанитариялық талаптар жөніндегі хаттамаға да қол қойылғаны белгілі. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін қытай тарапы экспорттауға құқығы бар кәсіпорындардың тізіліміне бидай ұны мен зығыр тұқымын өндіретін 55 компанияны енгізген болатын. Аталған хаттамалар қазақстандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өнімдерін жеңілдетілген тәртіппен экспорттау құқығын береді.