Қазақстан Қырғызстанға бидай жеткізу туралы уағдаласты
Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қырғызстанның су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Бақыт Торобаевтың кездесуінде қазақстандық бидайды Қырғызстанға жеткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде соңғы бірнеше жылда Қырғызстан көрші елдерден дәнді дақылдар сатып алғаны атап өтілді. Торобаев ұн тартушыларға Азық-түлік корпорациясының өкілдерімен қазақстандық бидайды жеткізу мәселесін пысықтауды тапсырды. АКК-ның алғашқы сынақ партиясы жақын арада жөнелтілетіні атап өтілді.
Сонымен қатар, Қырғызстан минералды тыңайтқыштарды импорттауға, ірі қара мен ұсақ малға экспорттық квоталарды ұлғайтуға, Қазақстан ерте көкөністерді импорттауға қызығушылық танытты. Сондай-ақ, екі елдің ғылыми-зерттеу институттары, аграрлық жоғары оқу орындары арасында, өсімдіктердің жаңа сұрыптары мен будандарымен алмасу саласындағы өзара іс-қимыл жандандырылатын болады.
«Ауыл шаруашылығы - біздің ынтымақтастығымыз үшін стратегиялық сала. Біз сауда көлемін ұлғайту, оның құрылымын жақсарту және жеткізілетін тауарлар ассортиментін кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыруымыз керек», - деп атап өтті Сапаров.
Кездесу соңында министрлер туындаған мәселелерді жедел шешу үшін жұмыс тобын құруға келісті.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша 2023 жылы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 299,4 млн долларды құрады, оның ішінде 220,1 млн доллар - экспорт, ал 79,3 млн доллар - импорт. 2024 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстаннан макарон өнімдері, бидай ұны, күнбағыс майы және басқа да тауарлар экспортының өсуі байқалады, Қырғызстан минералды және газдалған су, сүт және нан-тоқаш өнімдерінің импортын ұлғайтты.