19 ноября 2024 Астық

АШМ астықты тікелей сатып алуға қосымша 75 млрд теңге сұрады

Азық-түлік корпорациясы 18 қарашада фермерлерден бидай мен арпаны тікелей сатып алу бағасын жариялады. Бастапқыда 150 мың тонна астық сатып алу жоспарлануда, осы мақсатқа 10 млрд теңге бағытталды. Кейіннен сатып алу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі тағы 75 млрд теңге бөлуді сұрайды.

«Неғұрлым ауқымды сатып алу үшін (1 млн тонна) 75 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру қажет», - деді бүгін Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.

Бұдан басқа, Азық-түлік корпорациясы ағымдағы жылдың форвардтық келісімшарттары және өткен жылдың ұзартылған келісімшарттары бойынша 1,2 млн тонна астық сатып алады. Қазіргі уақытта 550 мың тонна астық немесе 46% түсті.

Сондай-ақ, Азат Сұлтанов алынған егіннің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, лицензияланған элеваторлар қазіргі уақытта 43%-ға жүктелген. Элеваторлардың тәулік бойы жұмысы қамтамасыз етілді.

«Астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 7,2 млн тонна астық, оның ішінде 5,2 млн тонна бидай түсті. Жиналған астықтың қалған көлемі фермерлерде сақталады», - деп нақтылады вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Қазақстанның аграрийлері 26,7 млн тонна астық, оның ішінде 17 млн тонна бидай жинады.