14:20 Астық

Азық-түлік корпорациясы аграрийлерге форвардтық сатып алу бойынша 6,4 млрд теңге төледі

Азық-түлік корпорациясы дәнді және майлы дақылдарды форвардтық сатып алу шеңберінде фермерлердің шоттарына 6,4 млрд теңге аударды. Бұл 169 мың тонна астықты күзгі жеткізу үшін алдын ала төлем, деп корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.

Азық-түлік корпорациясының ақпараты бойынша, көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау басталғаннан бері барлығы 19 млрд теңге сомаға өтініштер келіп түсті. Форвард шарттары бойынша аграрийлер егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін мемлекеттік оператордың ресурстарына 368 мың тонна астық жеткізуді жоспарлап отыр.

Бүгінгі таңда бидай өндірушілерге 4,7 млрд теңге, майлы зығыр өсіруге маманданған агроқұрылымдарға 549 млн теңге, арпа жеткізушілерге 367,7 млн теңге бағытталды. Шығыс Қазақстан облысында саны басым күнбағыс өндірушілерге 688,9 млн теңге бағытталды.

Қаржыландырудың ең үлкен көлемі дәстүрлі түрде негізгі астық егетін аймақтарға тиесілі. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының 98 ауыл шаруашылығы кәсіпорны қаржылай қолдау алды.

«Форвардтық қаржыландыру бағдарламасы ауыл шаруашылығы өндірушілерін дала жұмыстарын жүргізу үшін қолжетімді қаражатпен қамтамасыз етуге бағытталған. Алынған авансты фермерлер тұқым, тыңайтқыш, қосалқы бөлшектер және басқа ресурстарды сатып алуға жібереді. Бұл ретте мемлекет тек қаржыландыруға ғана емес, астық өнімдерін Азық-түлік корпорациясы арқылы әділ бағамен өткізуге де кепілдік береді», - деп баспасөз қызметі еске салды.