Қазақстанда жоғары сапалы бидай бағасының сөзсіз өсуі болжануда
Қазақстандағы дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі осы күзде орташа көпжылдық өнімділіктен жоғары, атап айтқанда, дәнді дақылдардың орташа өнімділігі 15,6 ц/га құрайды. Дегенмен, ауа-райы егін жинауды қарқынды жүргізуге мүмкіндік бермейді, бұл сандық және сапалық шығынға әкеледі. Жиналған өнімдегі 4-5 сыныпты бидайдың үлесі өсуді жалғастыруда, бұл ретте ішкі және сыртқы нарықтарда сапалы бидайға сұранысқа байланысты оған бағаның одан әрі өсуі сөзсіз. Бұл туралы Қазақстанның Астық одағының талдау департаментінің басшысы Евгений Карабанов мәлімдеді.
Сарапшы сыртқы нарықтарда логистиканың қымбаттауына және сапалы астық тапшылығына байланысты бидай бағасының өсуі басталғанын атап өтті.
Қазақстанда Азық-түлік корпорациясы өткен аптада дәнді дақылдарға форвардтық сатып алу бағасын жариялады. 3-сыныпты бидай сапасына қарай тоннасы 90-нан 115 мың теңгеге дейін сатып алынады. Сарапшы атап өткендей, бұл бағалар Қазақстандағы астық нарығын тұрақтандыруға мүмкіндік береді және тұрақты нарықтық конъюнктураны қалыптастыруды қамтамасыз етеді.
Әзірге баға нарығында айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Себептердің бірі - Қостанай облысында 29 қыркүйекте жауған қар: қар жамылғысының биіктігі 10 см-ге жетті, ал түнде ауа температурасы -7°С-қа дейін төмендеді. Бұл егінге қалай әсер ететіні белгісіз. Әзірге нарық қатысушылары жиналмаған егіннің тағдырына алаңдаулы.
Евгений Карабановтың мәліметінше, өткен аптада Қазақстанның ішкі нарығында дәнді дақылдардың бағасы әртүрлі бағытта өзгерді. 25-26 желісшесі бар 3-сыныпты бидай тоннасына 1 мың теңгеге (91-95 мың теңге), 4-сыныпты - 2 мың теңгеге (76-80 мың), 5-сыныпты - 3 мың теңгеге (67-71 мың) қымбаттады.
Сонымен қатар, 23-24 желімшесі бар 3-сынып бидайдың (86-90 мың теңге) және арпаның (74-77 мың теңге) бағасы тоннасына 1 мың теңгеге төмендеді. Желімшесі 27 (108-112 мың теңге), 28-29 (117-121 мың) және 30+ (126-129 мың) 3-сыныпты бидайдың бағасы өзгерген жоқ.
Сондай-ақ, сарапшы бидайдың кейбір түрлеріне DAP Сарыағаш жеткізу шарттарында экспорттық бағалар өскенін айтты:
- 4 және 5-сыныпты бидай 1 USD/t-ға қымбаттап, тиісінше 185-190 және 176-180-ге жетті.
- Желімшесі 30+ бар 3-сыныпты бидай 3 USD/t-ға өсіп, 283-288 USD/t құрады
- Желімшесі 23-24 бар 3-сыныпты бидай 6 USD/t-ға өсіп, 205-210 USD/t құрады
- Желімшесі 27 бар 3-сыныпты бидай 15 USD/t-ға артып, 250-255 USD/t құрады.
- Желімшесі 28-29 бар 3-сыныпты бидай 20 USD/t-ға өсіп, 270-275 USD/t құрады.
Желімшесі 25-26 бар 3-сыныпты бидайдың экспорттық бағасы өзгеріссіз қалды - 210-215 USD/t.