Азық-түлік корпорациясы 2026 жылғы астықты форвардтық сатып алуды бастайды
Азық-түлік корпорациясы 2026 жылға арналған форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыруға аграршылардан өтінімдерді қабылдауды бастайды. Осы мақсаттарға шамамен 40 млрд теңге бағыттау жоспарлануда, деп корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
ҚҚС есебімен 2026 жылға арналған ауыл шаруашылығы өндірушілеріне алдын ала төлем мөлшері:
- жұмсақ және қатты бидай — 60 мың теңге/тонна
- арпа — 50 мың теңге/тонна
- жүгері — 50 мың теңге/тонна
- күнбағыс — 100 мың теңге/тонна
- зығыр және рапс тұқымдары — 100 мың теңге/тонна
Астықтың түпкілікті сатып алу бағасы күзде белгіленеді. Егін жинап, ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлттық оператордың ресурстарына жеткізгеннен кейін аграршылар қосымша ақы ала алады.
Бидай, арпа және жүгеріні жеткізу кезінде форвардтық сатып алу шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мерзімі 2026 жылғы 3 қарашаға дейін айқындалды. Күнбағыс, майлы зығыр және рапс тұқымдары 2026 жылдың 17 қарашасына дейін жеткізіледі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу EXW («франко-завод») шарттарында жүзеге асырылады.
Азық-түлік корпорациясы ерте қаржыландыру фермерлерге дала жұмыстарына алдын-ала дайындалуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Қаржыландыруды әділ бөлу мақсатында ауыл шаруашылығы өндірушілерінен форвардтық келісімшарттар жасасуға арналған барлық өтінімдер облыс әкімдіктері жанындағы Үйлестіру кеңестеріне бекітуге жіберілетін болады.