Қазақстанда жүгері дәнін терең өңдейтін технология енгізілуде
Қазақстандық ғалымдар Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Агроөнеркәсіптік кешеннің қайта өңдеу кәсіпорындарының тиімділігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ғылыми-технологиялық тұрғыда қолдау» атты бағдарлама аясында үш жыл жүргізілген зерттеулер аяқтауда. Осы жұмыс барысында жүгері дәнін терең өңдеу технологиялары зерттеліп, сыналды. Бұл туралы Қазақ агротехникалық университет қызметкері Гүлназым Оспанқұлова хабарлады.
«Жобағы аз қаржы бөлінгеніне қарамастан, бағдарлама бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің жүгері дәнін және қант қалдықтарын терең өңдеу технологиясымен байланысты 3 мақсат орындалуда», - деп жазды Г.Оспанқұлова Facebook парақшасында.
Қызметкердің айтуынша, өткен аптада бағдарламаның соңғы кезеңі ЕАЭО-дағы ең ірі жоғары технологиялық өндірістердің бірі - Жаркент крахмал зауытында мальтодекстриндер мен лимон қышқылын өндіру технологияларын сынау жұмыстары өткізілген.
«Жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, бейімдеуден басқа, біз зауыт мамандарын өнім сапасын бақылаудың жаңа әдістеріне оқыттық», - деп атап өтті ҚазАТУ қызметкері.
Ол сондай-ақ осы жоба аясында ауыл шаруашылық шикізатын терең өңдеу технологиялары бойынша жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп жатқанын да айтты.