Қытайға астық экспорты тоқтатылды
«ҚТЖ-Жүк тасымалдары» компаниясы Қытайда сырттан келетін жүктерді қабылдау кезіндегі бақылаудың қатаң түрде өткізілуіне байланысты 1-10 желтоқсан аралығында ҚХР бағытында вагондарды жіберуге шектеу енгізілетінін хабарлады. Аталған жағдайға байланысты Аталған жағдайға байланысты 28 қарашада қол қойылған құжаттың көшірмесін Facebook бетінде Қазақстан Астық одағының сарапшысы, арнайы өкіл Евгений Карабанов жариялады.
«2020 жылғы 1-10 желтоқсан аралығында контейнерлердегі жүктерден басқа, Достық бағытындағы барлық экспортталатын жүктерді тиеуге тыйым салынсын», - деп көрсетілген құжатта.
ҚТЖ ақпараты бойынша, Қытайдың ШҰАА-да Алашанькоу және Қорғас станцияларына келген кезде контейнерлер мен вагондарды міндетті түрде тазарту және дезинфекциялау жұмыстары жүргізіледі. ҚХР бақылаушы органдары әрбір вагоннан жүктердің сынамасын алады. Қазақстаннан келетін поездарды шекаралық бақылаудан өткізу уақыты артты. Сондай-ақ, жұмысшылардың саны азайған, себебі күнделікті ПТР тестінен өту қажет. Өлшеніп қаптарға салынған астық, тұқым қабылдауға 15 қарашадан бастап тыйым салынды.
Тақырыпқа байланысты оқу: Атамекен астық тиелген вагондардың кешіктірілуі жайлы ақпарат жинауда
Осы жайдайға байланысты қараша айында Қазақстаннан келетін поездар саны тәулігіне 15-16 - дан 8-10- ға дейін күрт қысқарды. Соның салдарынан Алашанькоу станциясында поездарды қабылдап үлгере алмады. Достық – экспорт бағытында 12 мың вагон жиналып тұрып қалды. Оның ішінде 169 пойыз немесе 8450 вагон жылжымай қалып қойды.
ҚТЖ ақпараты бойынша, 16 қарашадан бастап Қытай тарапы контейнерлерден басқа жабық вагондарды және өзге де жүктерді қабылдамайды.
Бұған дейін «ҚТЖ – Жүк тасымалдары» хабарлағандай, Қытай тарапынан қойылған шектеу шараларына байланысты БИГ-бэг, контейнерлер мен жартылай вагондардағы жүктерден басқаларын Достық – Алашанькоу түйісі арқылы 23-30 қараша аралығында тиеуге тыйым салуға мәжбүр болып отыр. 24 қарашадан 4 желтоқсанға дейін контейнерлердегі жүктерден басқа транзиттік жүкті тасымалдауға тыйым салынды.
Өткен жұмада «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитеті өкілдері, ҚТЖ - Жүк тасымалы мен бизнесмендердің қатысуымен ҚХР-ға тасымалданатын астық экспортының жағдайы туралы талқыланды.
Атамекен АӨК және тамақ өнеркәсібі департаментінің сарапшысы Бауыржан Ахметаевтың айтуынша, ағымдағы жылы қытайлық бизнес-серіктестер Қазақстаннан азық-түлік тауарларын сатып алу көлемін 50% - ға арттырды. Бірақ Жүктерді қабылдау және қайта тиеу кезінде бақылауды күшейткен Қытай мемлекеттік органдарының іс-қимылына байланысты ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты іс жүзінде тоқтатылды.
«ҚХР бағытындағы экспорттық жағдайдың қиын екендігін ҚТЖ-БП Бас директорының орынбасары растады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қытай бағытында 11 мыңнан астам вагон, оның ішінде 1400 астық вагоны тұр. ҚТЖ мүмкіндігінше жұмыс жүргізіп жатқандығына қарамастан, жүк тасымалдау қарқынының нашарлап бара жатқанын және ҚХР - ға жүк тасымалының толық жабылу мүмкін екендігі де айтылды», - деп жазды Ахметаев әлеуметтік желіде.
АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасының мәлімдеуінше, ведомство бұл мәселені ҚХР Бас кеден басқармасындағы әріптестерімен пысықтап, талқылайтын болады деп уәде берген. Аталған кездесуге қатысушылар жүк тасымалдау жағдайын жедел түрде тұрақтандыру үшін жоғары мемлекеттік деңгейде келіссөздерді жедел өткізу қажеттілігі туралы ортақ пікірге келді.