Мамин фермерлерге субсидия бөлуді жеделдетуді тапсырды
Егін егу жұмыстарын уақытында және сапалы түрде жүргізу үшін аймақтардағы әкімдіктер бір аптаның ішінде егін шаруашылығына берілетін субсидия мөлшерін бекітуі керек. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин мәлімдеді.
«Биыл үкімет көктемгі егісті қаржылық тұрғыда және материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Бюджеттік несиелендірумен қатар, ауыл шаруашылық өнімдерін форвардтық сатып алуға бөлінген қаражат көлемі 24,5 млрд теңгеден 45,3 млрд теңгеге дейін көбейді. Сондықтан осы тәсілді қолдана отырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін сатып алуға ерекше назар аудару қажет», - деді үкімет басшысы.
Сонымен қатар, ол облыс әкімдеріне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін субсидия мөлшерін бекіту жұмыстарын бір апта ішінде аяқтауды тапсырды.
«Бұл мәселені кейінге қалдыру фермерлердің әрі қарайғы жұмысына кері әсер етуі мүмкін», - деді Асқар Мамин.
Тақырыпқа байланысты оқу: Не себепті Семейде май өндіретін жаңа зауыт ашылады
Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер алдында көктемгі дала жұмыстарын сапалы жүргізу үшін нақты міндеттер тұрғанын атап өтті. Экология министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірлесіп республиканың оңтүстік аймақтарында, ұзақ мерзімді кезеңге суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жасау тапсырылды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, егін алқаптарын әртараптандыру бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін арттыруға ерекше назар аударуы қажет екендігі ескертілді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, биыл егіс көлемі 22,8 млн гектарды құрайды, өткен жылмен салыстырғанда 186,6 мың гектарға үлкейтілді. Дәнді және бұршақты дақылдар 15,8 млн га алқапқа, майлы дақылдар - 3 млн га, мақта - 116,5 мың га, қант қызылшасы - 21,8 мың га, көкөністер мен бау-бақша дақылдары мен картоп - 489 мың га, мал азығана арналған дақылдар - 3, 4 млн га болады. Егіс науқанына литрі 165 теңгеден тұратын 380 мың тонна дизель отыны бөлінді.