Қазақстанда минералды тыңайтқыштар алу үшін 26 млрд теңге бөлінді
Қазақстандық еңбеккерлер өнімділікті арттыру үшін минералдық тыңайтқыштарды қолдануды арттырулары қажет. Бұл туралы ақпаратты ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров хабарлады.
«АШМ фермерлерге агротехнологиялық шаралады қолдануды, минералды тыңайтқыштарды қажетті мөлшерде енгізуді міндеттеп отыр. Бірақ барлық шаруашылықтар тыңайтқыштарды сатып алмайды, бәрі норма бойынша енгізбейді. Қазақстан бойынша 2,5 млн тонна тыңайтқыш пайдалану қажет, алайда біз тек 400 мың тонна ғана қолданамыз», — деп жазды Сапаров Facebook парақшасында.
Мәлімет бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 12 центнерді құрайды, ал Ресейде 25-26 центнер, Беларусяда — 36 центнер алады.
«2020 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағыттағы мемлекеттік қолдаудың көлемін арттырды. Жергілікті бюджеттерде 480 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға 23,3 млрд теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен 54 мың тонна тыңайтқышқа қосымша 2,8 млрд.теңге бөлінді. Сонымен қатар, еліміздің ірі астық егетін өңірлерінде өндіруші зауыттар дер кезінде минералды тыңайтқыштарды тиеп-жеткізу үшін қоймалар ашты», — деді бірінші вице-министр.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР-да 2020 жылы пестицидтерді субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен 31,4 млрд теңге қарастырылған. Бұл бөлінген қаражат шамамен 15 млн литр пестицидті субсидиялауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге республикалық бюджеттен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 1,6 млн литр пестицид сатып алуға 5,6 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат беріледі.