СҚО аграршылары 4 млн гектар алқапқа егін егеді
Солтүстік Қазақстан облысында фермерлер егіс алқаптарын жыртып, тұқым себу үшін дайындық жұмыстарын жасады және жақын арада 4 млн. гектар алқапқа егін егуді бастайды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров ағымдағы жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлердің агротехнологияларды сақтауын, атап айтқанда, минералды тыңайтқыштарды қажетті мөлшерде топыраққа араластыруларын ерекше бақылауда ұстайтынын мәлімдеді. Бұл үшін ірі астық егетін аймақтарда өндіруші зауыттар керекті тыңайтқыштарды уақытында жөнелту мақсатында қоймалар ашты.
«Аграршылар минералды тыңайтқыштарды қажетті мөлшерде енгізбейді. Барлық шаруашылықтар тыңайтқыштарды сатып алмайды, бәрі норма бойынша салмайды. Қазақстан бойынша 2,5 млн тонна тыңайтқыш пайдалану қажет, алайда біз тек 400 мың тонна ғана қолданамыз. Мәлімет бойынша, Қазақстанда дәнді дақылдардың орташа өнімділігі гектарынан 12 центнерді құрайды, ал Ресейде 25-26 центнер, Беларусяда — 36 центнер алады. Яғни көрші елдерде қажетті технология пайдаланылады», — деп жазды бірінші вице-министр.
СҚО әкімдігінің ақпараты бойынша, биыл өңірде 2,3 млн. га алқапта 130 мың тонна минералды тыңайтқыш пайдаланылмақ.
Жалпы, минералды тыңайтқыштарға жыл сайынғы республикалық қажеттілік 2,5 млн тоннаны құрайды. Қазақстанда минералды тыңайтқыштар өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді, бірақ ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі 40%-ды құрайды, деп хабарлады АШМ.
Осындай жағдайға байланысты, ведомство 2020 жылы аталған бағыттағы мемлекеттік қолдау көлемі айтарлықтай артқанын атап өтті. Жергілікті бюджеттерде 480 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алуға 23,3 млрд теңге қарастырылған. Республикалық бюджеттен 54 мың тонна тыңайтқыштарға қосымша 2,8 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар биылғы жылы егістіктің фитосанитарлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алғаш рет гербицидтермен қатар фунгицидтер және инсектицидтерге де субсидия бөлінетін болады деп хабарлады Сапаров.
Вице-министрдің айтуынша, егістікке 100% техника қолданылатын болады, аграршылар жанар-жағар маймен қамтамасыз етілді, тұқым керегінше дайындалды.
«Тұқымды ауа райы қолайлы мерзімде егу керек, одан кейін қалай шығатынын бақылаймыз, көреміз, әрі қарай — климаттық жағдайға байланысты болады. Бұдан кейін егіннен қанша түсім алатынымызды болжап айтуға болады», — деп атап өтті Сапаров.