27 мая 2020 Мал шаруашылығы

Алматы облысында форель шаруашылығында 8,5 мың балық қырылды

Алматы облысының полицейлері форель фермасында 8,5 мың балықтың қырылып қалу ісін тергеуде. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметінен хабарлады.

24 мамырда Талғар аудандық ішкі істер полициясына форель фермасы директорының арызы түсті. Оның айтуынша, жасанды тоғанда, су берудің тоқтатылуы салдарынан 8,500 балық тұқымы тұщы судың болмауынан қырылған. Директор келтірілген шығынды 9 миллион теңгеге бағалап отыр. Іс бойынша келтірілген зиянның нақты мөлшерін анықтау үшін сараптамалар жүргізілетін болады.

«Форель –Албырттар тұқымдасына жататын балық. Тау өзендері мен көлдерінде тіршілік етеді, сондықтан таза ағынды су қажет. Балықты өсіруге ең оңтайлы температура шамамен 16-19 градус. Егер температура 20 градус болса, балықтардың өсуі баяулайды, ал  одан да жоғары болса, балық өле бастайды. Форельдің жылуға сезімталдығы соншалықты, оны арнайы қолғапсыз ұстауға болмайды: адамның дене температурасы балықтарды күйдіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан оларды үнемі таза суда ұстау өте маңызды. Бұл  жағдайда су келетін тоғанды абайсызда жауып тастау салдарынан балық өлген», - дейді полиция полковнигі, Талғар аудандық ішкі істер полициясының бастығы Ерлан Қасым.

Аталған фактіні полиция ҚР ҚК 204-бабының 1-бөлігінде «Біреудің мүлкін абайсызда жою» ісі бойынша тіркеді.

Бұл жағдай бойынша, Талғар қаласының 37 жастағы тұрғыны сумен қамтамасыз ету құлпын бітеді деген күдікке ілініп, ұсталды. Оған қатысты тергеу ісі басталып,  жүргізілуде.