23 июня 2020 Мал шаруашылығы

Қызылорда облысында балық өсіретін инкубациялық цех ашылды

Қызылорда облысының Арал ауданында балық өсіретін инкубациялық цех ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігі хабарлады.

«Арал теңізі» балық шаруашылығы қоғамдық бірлестігінің бастамасымен, Ғаламдық экологиялық қордың қаржылай қолдауымен Ақшатауда көлемі16-дан 30 метрге дейін жететін алаңда балық өсіретін инкубациялық цех салынды. Бұл жерде Ресейден сатып алынған құрылғылар орнатылды. Жобаның жалпы құны - 21 миллион теңге.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінде хабарланғандай, жобаны жүзеге асыру үшін «Арал теңізі» балық өсірушілер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Баймаханова 11 миллион теңге көлемінде өтеусіз грант жеңіп алды.

Биыл осы жоба аясында Арал және Қазалы аудандарына жіберілетін 12-15 миллион шабақ өсірілуде.

Бүгінгі таңда Арал балықшылары жылына шамамен 7 мың тонна балық аулайды, оның 2 мың тоннасы ТМД, Қытай және Еуропа елдеріне экспортталады. Облыста жылына 19 мың тонна балық өңдейтін 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.