ШҚО-дағы мал ауруына байланысты жағдай бірқалыптыдеп хабарлады АШМ
Шығыс Қазақстан облысындағы ірі қара малдың құтыру ауруына байланысты жағдай тұрақталды. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Шығыс Қазақстан облысы Багратион ауылдық округіне қарасты Привольное ауылында соңғы 10 күн ішінде мал өлімі тіркелген жоқ», - деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрліктің мәліметінше, Привольное ауылында 11 бас ірі қара мал қырылды. Зертханалық қорытынды тіркелген төрт жағдай құтыру ауруының өлімге себеп болғандығын көрсетті. Тек бір сараптама теріс нәтиже берді.
Қалған алты жағдай бойынша қазіргі уақытта зертханалық зерттеулер жалғасуда:алғашқы люминисцентті микроскопия талдауы теріс нәтиже берді, одан ары талдау жұмыстары жалғасуда, ақ тышқандарда биобақылау жасалуда. Құтыру ауруын тексеру тесті 30 күнге созылады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сонымен қатар Привольное ауылындағы барлық малдарға, соның ішінде ірі қара малға, жылқылар мен иттерге жедел түрде вакцина егіліп, жеке аулаларда дезинфекциялық шаралар жүргізіліп, өлген малдардың денелері өртеніп жатқанын атап өтті.
«Соңғы 10 күн ішінде облыста жаңа ауру және мал өлімі тіркелмеген. Аймақтағы эпизоотикалық жағдай ветеринарлық қызметтің бақылауында», - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Министрлікте құтыру ауруынан өлген мал иелеріне келтірілген шығындардың орны толтырылатынын айтты. Өтемақы алу үшін банктік шоттың нөмірі мен жеке куәлігін көрсету керек. Қалған құжаттарды малды иеленетінін және оның өлу себебін растайтын құжаттарды жергілікті ветеринария бөлімінің мамандары береді.