Фермерлерге бюджет тапшылығы кезінде ішінара субсидиялау ұсынылады
Ауыл шаруашылығы министрлігі асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды субсидиялау қағидаларына түзетулер әзірледі. Олар қабылданған жағдайда әкімдіктер бюджет тапшылығы кезінде мал өсірушілерге есептелген субсидиялардың бір бөлігін төлей алады.
«Өтінімді толық қанағаттандыру үшін қаражат жеткіліксіз болған жағдайда жергілікті атқарушы орган СМАЖ (субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі) арқылы тауар өндірушінің жеке кабинетіне тиесілі субсидияларды ішінара төлеу жөнінде ұсыныс жібереді. Тауар өндіруші екі күн ішінде ұсынысты қабылдайды/қабылдамайды. Тауар өндірушінің келісімімен ЖАО жіберілген ұсынысқа сәйкес төлем жасайды», - делінген құжатта.
Субсидиялардың қалдығын қаражатты субсидиялар түрлері арасында қайта бөлу немесе ағымдағы не кейінгі қаржы жылдарында бюджет қаражатын бөлу кезінде төлеу жоспарланып отыр.
Құжатта егер өндіруші ұсыныстан бас тартса немесе оған екі күн ішінде жауап бермесе, онда бұл ұсыныс күту парағындағы келесі фермерге жіберіледі.
Сондай-ақ, АШМ бұйрығының жобасында субсидия алатын малшылар үшін қарсы міндеттемелер өзгеруде. Тауар өндірушілер жалпы өнім (тауарлар немесе көрсетілетін қызметтер) көлемінің ақшалай мәнде өсуін не алдыңғы жыл деңгейінде сақталуын қамтамасыз етуге тиіс.
Егер климаттық жағдайлардың, фитосанитариялық немесе эпизоотиялық жағдайдың нашарлауы салдарынан міндеттемені орындау мүмкін болмаса, онда тауар өндіруші әкімдікке осы фактіні растайтын құжатты (Қазгидрометтен ауа райы жағдайлары туралы анықтама, карантин белгілеу туралы жергілікті атқарушы органның шешімі; жануарлардың ауруын анықтау, егіннің зақымдануы туралы сараптама актісі) жіберуге тиіс.
Басқа жағдайларда, екі жыл қатарынан міндеттемелер орындалмаған жағдайда, фермер келесі күнтізбелік жылы субсидиялар алуға өтінім беру мүмкіндігінен айырылады.