Ауыл шаруашылығы министрлігі жайылымдарға мониторинг жүргізу ережесіне өзгерістер енгізді
Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді пайдалану мониторингін ұйымдастыру және жүргізу Ережелеріне өзгерістер енгізді.
Түзетулерге сәйкес, жайылымға арналған ауылшаруашылық жануарлары жоқ немесе олардың саны жайылымдардың жалпы алаңындағы шекті рұқсат етілген жүктеменің 50%-нан аз болатын жайылымдар немесе жем жинау мақсатында шөп шабу жүргізілмесе олар мақсаты бойынша пайдаланылмаған болып есептеледі.
Бұған дейін ережелер нормативтің 20% мөлшерінде жайылымның ең аз жүктелуіне жол берген болатын.
Жер мониторингінің нәтижелері бойынша жер қатынастары жөніндегі уәкілетті орган жыл сайын 10 қыркүйекке дейін электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы аумақтық бөлімшеге жібере отырып, пайдаланылмайтын жер телімдері туралы ақпарат қалыптастыратын болады.
Бұған дейін Қазақстан Президенті жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша заңнамаға түзетулерге қол қойған болатын. Парламентте құжатты талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов жайылымдарды пайдалану нормативінің өзгеруімен оларды жер пайдаланушылардан алу ұлғайтылатынын атап өтті.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің есептеулері бойынша 20 млн гектарға жуық жайылымдық жер қайтарылуы мүмкін», - деп түсіндірді Нұржан Әшімбетов.