Қазақстан үш жыл ішінде сүт өндірісін екі есеге арттыруды жоспарлап отыр
Алдағы үш жылда Қазақстанда сүт өндіру көлемі екі есеге ұлғаяды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров «PRO Сүт» сүт шаруашылығы және қайта өңдеу жөніндегі үшінші халықаралық форум барысында хабарлады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда сүт-тауар фермаларында сүт өндірісі 20%-ға артып, 600 мың тоннадан асты.
Жалпы, өткен жылы сүт зауыттары 2,1 млн тонна сүт өңдеді. Кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтамасыз ету үшін 2023 жылы 65 заманауи сүт-тауар фермасын салуға жылдық 2,5% - бен жеңілдікті несиелеу бағдарламасы басталды. Бұл мақсаттарға 100 млрд теңге бағытталды.
«Мұндай жеңілдікті қаржыландыру көлемі салада бұрын-соңды болмаған. Алдағы үш жылда бұл бағдарлама бойынша 118 жоба жүзеге асырылып, сүт өндіру көлемін екі есеге ұлғайтып, бұл көлемді 1,2 млн тоннаға жеткізеді», — деді Айдарбек Сапаров.
Оның айтуынша, 2023 жылы қолдан ұрықтандыру кезінде сүт, тұқым өндіру құнын арзандатуды субсидиялауға, асыл тұқымды мал басын сатып алуға 35 млрд теңге бөлінді.
Министр сондай-ақ сүттің өзіндік құнын төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтты. Ол жемшөптің құны өңдеуге арналған шикізат құнының 70%-на дейін екенін атап өтті. Олардың құнын арзандату мақсатында АШМ өнімділікті арттыру, дақылдарды әртараптандыру және суаруды дамыту бойынша жұмыс жүргізуде.
«Биыл алғаш рет егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген несиелендіру көлемі үш есеге артып, 580 млрд теңгені құрады. Бұл 9 млн гектарды немесе егіс алқабының 38 пайызын қамтиды. Жемдік дақылдардың егіс көлемі 3,2 млн гектарға дейін ұлғайтылды. Мемлекет тарапынан тек тауар өндірушілерге ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарға да жан-жақты қолдау көрсетілуде», – деді АШМ басшысы.
Биыл ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспары әзірленіп, қабылданды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі бюджеттік комиссия алдында 372 млрд теңгені қорғады, ол бес жыл ішінде өңдеуді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың айналым қаражатын толықтыруға 222 млрд теңге қарастырылған. Қабылданған шаралардың барлығы өңделген өнім өндірісін арттыруға мүмкіндік береді», - деді министр.
Сүт шаруашылығы және қайта өңдеу жөніндегі үшінші халықаралық «PRO Сүт» форумы 500-ден астам сүт өндірушілер мен өңдеушілерді, 12 елдің сарапшыларын жинады. Екі күн ішінде іс-шараға қатысушылар тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де сүт саласын дамыту келешектерін талқылайды.