СҚО-да биенің құрғақ сүтінің өндірісі іске қосылады
Биыл Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданында биенің құрғақ сүтін өндіретін зауыт ашылады. Жоба «Солтүстік» ӘКК қолдауымен жүзеге асырылуда. Кәсіпорында жылына 40 тонна өнім өндірілетін болады. Бұл туралы корпорацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 1,5 млрд - «Солтүстік» ӘКК арқылы сегіз жылға жылдық 4%-бен жеңілдікті несие. Зауыт жазда ашылады деп жоспарлануда. Қазір ғимараттың қаңқасы орнатылуда. Неміс өндірісінің қажетті жабдықтары сатып алынды. Шикізат алу үшін 200 бас жылқы сатып алынады.
«СеверАгро» ЖШС директорының орынбасары Армантай Әбіловтың айтуынша, бірінші кезеңде биенің құрғақ сүтін Қазақстан бойынша, содан кейін Германия мен Қытайға жеткізу жоспарлануда.
"Мұндай өндірісті ашу идеясы Германияда биенің құрғақ сүтін шығару туралы білгеннен кейін пайда болды. Оны шығаратын компаниямен байланысып, өз жобамызды жасадық. Биенің сүті керемет пайдалы екені белгілі, бірақ емдік қасиеттерін тек бір сағат бойы сақтайды. Ең көп қоректік заттарды сақтау үшін оны құрғақ сүтке айналдырады. Сауғаннан кейін сүт пастерленеді, шокты мұздатуға енгізіледі және сублиматорда одан барлық ылғал шығарылады. Бие сүтінің барлық пайдасы сақталған ұнтақ қалады. Тұтынушыға оны тек жылы суда сұйылту керек", - деді Армантай Әбілов.