Қазақстан құс етін өндіруді 10%-ға жуық арттырды
Қазақстанда құс етін өндіру көлемі 2024 жылғы қаңтар мен қараша аралығында 2023 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 9,4%-ға өсті. Осы кезеңде отандық кәсіпорындар 326,3 мың тонна өнім өндірді. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Сонымен қатар, 2024 жылдың он бір айында құс етінің экспорты 34,2%-ға өсті. Шетелге 38 мың тонна өнім жөнелтілді, ал өткен жылдың осы кезеңінде экспорт 28,3 мың тоннаны құрады.
Импорт 10,7%-ға төмендеді. Аталған кезеңде елге 121 мың тонна өнім әкеліндіі.
Қазақстанның ішкі нарығында 2024 жылдың 11 айында 409,3 мың тонна құс еті сатылды, бұл 2023 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1%-ға артық (405,4 мың тонна).
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан бірнеше жыл ішінде құс етінің импортына тәуелділіктен арылып, оның экспорттаушысы болуды жоспарлап отыр. Ол үшін вице-премьер Серік Жұманғариннің айтуынша, республикада құс фабрикаларын салу бойынша 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда.