Қазақстан Ресейге ет жеткізуді қайта бастады
Қазақстан мен Татарстан етті мал шаруашылығын бірлесіп дамытқысы келеді. Татарстан Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Қазақстанның Ет одағының осы мәселе бойынша байланыстары өткен жылдың соңында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұрынғы басшылары Асылжан Мамытбеков пен Гүлмира Исаеваның Қазанға сапарымен басталды.
Татарстанның Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігінің мәліметінше, кездесулерде өнімділігі жоғары ет бағытындағы малды өсіру тәжірибесі талқыланды. Татарстанда малдың тұқымдық құрамын жақсарту міндеті тұр.
Қазіргі уақытта Татарстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясы Қазақстанға кері сапармен келді. Делегация қатысушылары қазақстандық ет тұқымдары палаталарының – Қазақстанның Ангус палатасы мен Қазақтың ақбас тұқымының палатасының жұмыс тәжірибесін зерделейді. Атап айтқанда, Абай облысында Татарстаннан келген қонақтар «Лазарев и К» ЖШС асыл тұқымды шаруашылығына, «Приречное» агрофирмасына, «АРАЙ-EAST FOOD» ет комбинатына және басқа да кәсіпорындарға барды.
Қазақстанның Ангус Республикалық палатасында айтылғандай, Татарстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің делегациясымен бірлескен жобалардың болашағы, ІҚМ өсірудегі тәжірибе және үздік тәжірибелермен алмасу, сондай-ақ малды ұстау және бордақылау технологиялары, ет өнімдерін өңдеу және басқа да мәселелер талқыланды.
Палатада Қазақстан мен Татарстан арасында жаңа іскерлік байланыстарды орнату бизнес үшін қосымша мүмкіндіктерді туғызатыны атап өтілді.
Айта кетейік, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов 30 қаңтарда Қазақстан мен Ресей премьер-министрлерінің келіссөздерінің қорытындысы бойынша тараптар Қазақстаннан ет және ет өнімдерін экспорттауға шектеулерді ішінара алып тастау туралы уағдаластық жасағанын хабарлады.
«Қазақстандағы эпизоотиялық жағдайға байланысты Ресей тарапы бұған дейін ет өнімдерін әкелуге шектеулер енгізген болатын. Бүгін біз ресейлік әріптестерімізбен келісіп, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарға қатысты бұл шектеуді алып тастадық. Қазір біз Қазақстанның барлық аумағынан шектеулерді алып тастау бойынша жұмыс істеп жатырмыз», - деді Азат Сұлтанов.
Экспортты қалпына келтіру қазақстандық мал өсірушілерді қолдайды, өйткені елдің ішкі нарығы сиыр етіне толы.