12:50 Мал шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасына өзгерістер енгізді

Ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңестің отырысында мал шаруашылығындағы субсидиялаудың жаңа бағыттарын ұсынды. АШМ баспасөз қызметінен хабарлағандай, жаңа тәсілдер тиімділігі төмен және сыбайлас жемқорлық қаупі жоғары селекциялық-асыл тұқымды жұмысты субсидиялаудың қолданыстағы тетігінің орнына әзірленді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, етті мал шаруашылығында бұқашықтарды бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеу кәсіпорындарына тапсыру кезінде субсидиялардың жоғары нормативі енгізілетін болады. Шара тауарлық мал басын ұлғайтуды ынталандыруға және өсірілетін малдың сапалық сипаттамаларын жақсартуға бағытталған.

Сондай-ақ асыл тұқымды төлдерді өсіру кезінде шығындарды субсидиялау көзделген. Бұл тәсіл асыл тұқымды шаруашылықтар үшін ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл жасау, шығыс материалдарын, тұқымдарды және қолдан ұрықтандыру қызметтерін сатып алу кезінде ұйымдастырушылық мәселелерді шешеді.

Қойларды қысқы-көктемгі кезеңде бордақылауға маусымдық тапсырғаны үшін субсидиялау енгізіледі, бұл өндіріс циклдерін теңестіруге және өнімді тұрақты жеткізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қайта өңдеуге өткізілген жүннің шығыны мен құнын арзандату арқылы асыл тұқымды қой шаруашылығын және биязы жүнді бағытты дамытуды қосымша қолдау көзделеді.

Бұдан басқа, мал бордақылау алаңдары, ет өңдеу кәсіпорындары және ІҚМ және ұсақ мал басын сатып алу үшін жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын қолжетімді кредиттік өнімдер әзірленді.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік қолдау өндіріс фактісімен байланысты модельге көшу маңызды. Субсидиялар тек мал басы үшін емес, өндірілген өнім үшін төленуі керек. Бұл бизнеске саланы дамыту үшін жауапкершілікті алуға және нәтижені қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қоғамдық кеңестің төрағасы Геннадий Зенченко.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Қоғамдық кеңес ұсынылған бастамаларды қолдады. Аграрлық бизнес пен сарапшылар қауымдастығының қатысуымен одан әрі талқылау ұсынылады.